Хабар телеарнасы

Мигранттар мәселесі енді заңмен реттеледі

Оның екеуі көші-қон мәселесіне байланысты. Енді нақты қандай өзгерістер болады? Заңсыз көші-қон тоқтай ма?

Риат Шони, тілші:

- Президенттің бұл жолғы мемлекеттік сапары жемісті болды. Бізге Өзбекстаннан жыл сайын мыңдаған мигрант заңсыз келеді. Жұмыс істейді, нәпақа табады. Қос елдің президенттері енді екі елдегі заңсыз мигранттар легін тоқтатып, заңды көші-қон механизмін енгізу үшін «Еңбек қызметі және еңбекші көшіп-қонушылардың құқықтарын қорғау» және «Заңсыз көші-қонмен күрес бойынша ынтымақтастық» туралы келісімге қол қойды. Бұл не береді? Осы келісім арқасында енді заңсыз келіп-кету, заңсыз жұмыс істеу тоқтайды. Екіншіден еліміздің оңтүстігінде, шекараға жақын аймақта Өзбекстаннан жеміс-жидек сатып алып, ол жаққа ұн, техника секілді түрлі тауар сатып отырған халықтың қосарланған салық мәселесі де шешіледі. Заңсыз келетін адам болмағандықтан, екі елдің туризм саласы да жанданады.

Жәнібек Арынов, ҚР Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы:

- Осы миграциялық мәселелерді реттеу екі мемлекет үшін де маңызды болып табылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға барған сапары барысында 9 құжатқа қол қойылды. Соның екеуі – миграция саласындағы құжаттар. Оның бірі – мигранттардың құқығын қорғау, екіншісі – заңсыз миграциямен күресу. Миграция міндетті түрде заңды болуы керек. Бұл – осы заңсыз келетін мигранттардың санын азайту мәселесі. Ол біріншіден Қазақстанға еңбек нарығын реттеуге, мигранттар тарапынан жасалатын қылмыстар санын азайтуға, олардың келетін ағымын бақылауға мүмкіндік берсе, екінші жағынан келетін мигранттардың өз құқықтарын қорғауға жол ашады.

Риат Шони, тілші:

- Тағы бір ақжолтай ақпар. Енді бауырлас екі ел сауда-экономикалық байланысты одан әрі жандандыруға уағдаласты. Былтыр қос мемлекет арасындағы тауар айналымы 3 млрд доллардан асты. Енді 5 млрд долларға дейін жеткізу жоспары тұр. Ол үшін еліміздің ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов пен Өзбекстанның Инвестициялар және сыртқы сауда министрі Сардор Умурзаков «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын құру мәселесі бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бұл ірі ауқымды мемлекетаралық жоба екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайтып, шекара маңы саудасын дамытады. Екіншіден азаматтардың құжатын тез тексеріп, жүк пен тауарды жылдам өткізу үшін екі елдің шекарасында жаңа өткізу пункттері ашылады. Яғни жүйкеңді де, уақытыңды да алатын ұзынсонар кезек болмайды. Осылайша сауда-саттық артып, әрі-бері қатынайтын туристер де көбейеді. Екі ел арасындағы сауда және қаржылық байланыс күшейіп, халықаралық көлік дәлізі дамиды, ірі инвестициялық жобалар іске асады.

Вячеслав Додонов, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері:

- Екі ел арасындағы инвестиция саласындағы байланыс қарқынды дамыған деп айта алмаймыз. Қос мемлекеттің арасындағы инвестиция 200 млн доллларды құрайды. Енді осы бағыттағы әлеуетті барынша пайдаланбақ. Яғни инвестицияның да, сауда-саттықтың да күре тамырына қан жүгіреді. «Орталық Азия» жобасы Қазақстан мен Өзбекстанның Орталық Азиядағы экономикасы дамыған мемлекеттердің көш басына шығуына үлкен мүкіндік береді.

Бауырлас екі елдің онсыз да құж-құж қайнап жатқан шекарасының арнасы одан сайын кеңеймек. Қазақстан мен Өзбекстанды айтпағанның өзінде Орталық Азияның көлік дәлізі жанданады, сауда-саттық, туризм артады. Мигранттардың мәселесіне нүкте қойылмақ. Бір сөзбен айтқанда діні мен тілі ұқсас, түбі бір түркі қос елде алыс-берістің алтын дәуірі басталады.