Хабар телеарнасы

Алматы облысында әлеуметтік картаны жүзеге асыруға 3 млрд теңге бөлінді

Енді аталған топтағы азаматтарға арнап баспаналар салынып, түрлі әлеуметтік нысандар бой көтереді.

Алматы облысындағы ең өзекті проблемалардың бірі – баспана мәселесі. Мұнда тұрғын үй үлесі аймақтың әрбір тұрғынына шаққанда 18,5 шаршы метрден ғана келеді. Бұл республикадағы орта көрсеткіштен де төмен. Сондықтан биыл өңірде 2000 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Олардың 751-і «7-20-25» бағдарламасымен берілмек. Ал алдағы уақытта аталған бағдарламаның аясында 1000-ға жуық үй салу көзделуде.

Жандос Телеубаев, Талдықорған қаласы құрылыс бөлімінің жетекшісі:

- Біз қазір мердігер мекемелермен меморандум жасап жатырмыз. Осы үйдің өзінде 483 пәтер болады. Құрылысты биыл бастап, келесі жылы аяқтаймыз. 40 пәтер «7-20-25» бағдарламасымен беріледі.

Ал 120 пәтерлік тағы екі үй көпбалалы отбасылар үшін арнайы тұрғызылады.

Қарқын тек тұрғын үй құрылысында ғана емес, өндіріс саласында да байқалады. Облыста алдағы уақытта 6 индустриалды аумақ ашу жоспарланған. Олардың әрқайсысына 70-тен астам кәсіпорын жайғасып, көптеген инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.

Санжар Сабырбаев, облыстық кәсіпкерлік басқармасы жетекшісінің орынбасары:

- Қазір 6 индустриалды аумақтың үшеуінің құжаты әзірленіп жатыр. Жалпы нысан 3000 гектар жерді алады. Ал аумақта 300-ден астам кәсіпорын жұмыс істейтін болады.

Жалпы Алматы облысында барлық салада тұрақты өсім байқалады. Мәселен, өткен жылы аймақта өнеркәсіп өнімінің көлемі 800 млрд теңгеден асқан. «Ал биыл бұл көрсеткіш триллион теңгеге жетеді», – дейді мамандар.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Әділхан Сахари, Қуаныш Түргенбаев