Хабар телеарнасы

84 287 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды

Бас-аяғы 148 мыңнан астам отбасы осы көмекті алуға өтініш білдірген. Оның ішінде 100 мыңнан астам отбасының құжатын мамандар құптады. Қалған отбасылардың өтінішін арнайы комиссия қарап жатыр. Айта кетейік, АӘК-ті алуға қай айда өтініш білдіресіз, сол айдан бастап аласыз.

Сәуірдің басынан АӘК алуға 148 649 отбасы өтініш білдірген. Бұл 799 032 адам деген сөз. Мамандар қазір 41 647 отбасының өтінішін қарап жатыр. Олардың дені сәуірдің соңында құжат тапсырғандар. Бұл отбасылардың барлығы көмекті сәуір айынан бастап алады.

Ғалия Жабағина, ҚР ЕХӘҚМ Атаулы әлеуметтік көмек көрсету басқармасының бас сарапшысы:

- 149 мың отбасы өтініш тапсырды. Оның 100 мыңнан астамына оң шешім қабылданды. Қалған 40 мыңнан астам өтінішті мамандар қазір қарастырып жатыр. 41 мыңнан астамы учаскелік комиссияға берілді. Ал қалған отбасы бойынша мәліметтерді жинау жұмысы жүргізіліп жатыр.

Ең көп өтініш Түркістан облысынан, яғни 180 179 адамнан өтініш түссе, одан кейін 93 399 адамнан өтініш Алматы облысынан түсті. Шымкент қаласынан 88 478 тұрғыннан келген. Шымқалада бас-аяғы 21 мың отбасы құжат тапсырған. Алайда кейбір тұрғындар әлі де құжатын өткізе алмай жүр. Айтуларынша мамандар кезекке тұрмаған кісілерді де қабылдауда.

Гүлзайна Жамалова, қала тұрғыны:

- Бүкіл халық балаларын, үйлерін тастап осы жерге келді. Қанша уақыт жүрміз. Төрттен келіп тұрсақ та, үлгермейміз. Базаны ашып, 10-ақ минутта бітіретін тірлікті 30 минутқа созып, адамдарды ұстап отыр.

Ал мамандар: «Үзіліссіз жұмыс істеп жатырмыз, күтуден басқа амал жоқ», – дейді.

Әлия Әміреева, қалалық Жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:

- Халық тек сәуір айының соңына дейін қабылданады деп ойлайды. Негізі олай емес. Бұл – жыл бойы қабылданатын құжат. «Е-halyk» базасында 1 адамға 20 минуттай уақыт кетеді. Біз таңғы 08:30-дан кешкі 20:00-ге дейін түскі үзіліссіз қабылдаудамыз.

Тағы бір мәселе, кісілердің көбінің тұрақты тіркеуі жоқ. Өзі Алматыда, бала-шағасы ауылда дегендей. Ал әлеуметтік көмек алу үшін барлығы бір жерде тіркеуде тұруы міндет. Үйіңіз жоқ немесе сізді ешкім өз үйіне тіркемей қойса да саспаңыз, амалы бар. Әлеуметтік бейімдеу орталығына уақытша тіркелсеңіз болады.

Нұрлан Исекеев, Нұр-Сұлтан қаласы Жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары:

- Тұрған жері, үйі қауіпті, тұруға жарамсыз мекемелерде тұрып жатыр. Сондай жағдайда тұратын отбасыларды көмек ретінде әкімнің шешімімен уақытша тіркеуге тұрғызамыз.

Бұл аз десеңіз, қазір әрбір бейсенбі күні Nur Otan партиясының барлық өңірдегі филиалында түрлі мемлекеттік органның мамандарынан құралған арнайы топ азаматтарды қабылдап жатыр. Кез келген сұраққа жауап алуға болады.

Бақыт Темірова, Nur Otan партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі:

- Жергілікті жерлерде әр жетінің бейсенбісінде осындай отырыс өткізеді. Call-орталықтар жұмыс істеп жатыр. 3 мыңға жуық сұрақ осы сall-орталықтар арқылы түскен екен. Сол сияқты біздің әлеуметтік желілерде өз парақшаларымыз бар. Сол арқылы да жұмыс жасап жатырмыз.

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкерлері кей тұрғындар материалдық жағдайы тәуір болса да, осы көмекті алып қалғысы келетінін айтты. Бармақ басты, көз қыстылық қой сол баяғы. Атаулы әлеуметтік көмек беру қайырымдылық қоры емес екенін атап өтті. Бұл – күнкөрісі төмен, нағыз мұқтаж кісілерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылық қолдау. Бізге осыны қайта-қайта ескертті. Сіз де осыны ұмытпаңыз!

Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Бекболат Базаров