Хабар телеарнасы

Заңгерлер сайлауға қатысты халыққа құқықтық кеңес береді

Ел ішінде сайлауға қатысты ең көп қойылатын сұрақтар қандай? Жалпы дайындық қалай жүріп жатыр?

Риат Шони, тілші:

- Алда маңызды саяси науқан Президент сайлауы келе жатыр. Осы сайлау кезінде қандай да бір заңбұзушылыққа куә болсақ не істейміз? Байқаушылардың жұмысы қалай өрбуі тиіс? Қарапайым тұрғындарды көбіне осындай сауалдар мазалайды екен. Бұл – осы бағытта жұмыс жасап жатқан «Заңгерлер әділ сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігі өкілдерінің сөзі. Айтуларынша, соңғы күндері ұйымға сайлауға қатысты 300-ден астам сұрақ келіп түскен екен. «Бұл қалыпты құбылыс», – дейді заңгерлер. Елдің әрбір азаматы өзінің құқығын жақсы білген жағдайда, сайлау конституциялық талаптарға сай, жоғары деңгейде өтеді. Заңгерлер жұртшылыққа құқықтық кеңес беруге дайын екенін айтты. Бұл саяси науқанның әділ, ашық өтуіне сеп болмақ.

Серік Ақылбай, «Қазақстанның заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы:

- Біздің негізгі мақсатымыз – Конституцияның, конституциялық заңның нормаларын халыққа, яғни сайлаушыларға түсіндіру. Біз ешкімнің шашбауын көтермейміз. Біз бейтараппыз. Бірақ негізгі мақсатымыз – сайлушылардың құқығын қорғау.

Қазір жер-жерде сайлауға дайындықтың қызған шағы. Мәселен, Оралда комиссия мүшелері маңызды науқан қарсаңында дәріс алып жатыр. Мемлекеттік басқару академиясының жергілікті филиалында курстар өтуде. 20 мамырға дейін 3319 адам оқытылады. Олардың барлығы – 14 аумақтық және 519 учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері. Оқуда негізгі басымдық сайлау туралы заңды білуге бағытталған. Сондай-ақ психологиялық дайындық та жүріп жатыр. Әзірге қалалық сайлау комиссиясының мүшелері оқытылуда. Келесі аптада аудандарда көшпелі семинарлар ұйымдастырылады.

Гүлмира Ташқұлова, қалалық №478 сайлау учаскесінің мүшесі:

- 9 маусымда елімізді үлкен сын күтіп тұр. Біз азаматтық парызымызды орындап, елдің Президентін таңдамақшымыз. Қалай, қандай бағытта жұмыс істеу керек? Соның барлығы айтылуда. Осы бағытта біз оқып жатырмыз.

Естеріңізге сала кетейік, Президенттік сайлау 9 маусым күні өтеді. Орталық сайлау комиссиясына кандидат ретінде 7 үміткер тіркелген. Саяси науқанның сәтті өтуіне әрбіріміз атсалыса аламыз.