Сюжеттер

Елімізде соңғы төрт айда ЖІӨ 4% өсті

Елімізде соңғы төрт айда ЖІӨ 4% өсті

Республикалық бюджетке 2,1 трлн теңге кіріс кірген.

Үкімет отырысында осылай айтылды. Нысаналы трансферттердің сомасы 873 млрд теңгеге ұлғайтылған. Бұл қаражат мұғалімдер мен медицина, әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысын көбейтуге, көпбалалы отбасыларға АӘК көрсетуге, оларға тұрғын үй салуға және «Ауыл – ел бесігі», «Жас маман» жобаларын іске асыруға жұмсалады.

Елімізде қаңтар-сәуір айларында ЖІӨ өсімі 4% жетті. Бұл – өнеркәсіп, құрылыс пен ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді деген сөз.

Ал сыртқы сауда айналымы 20,4 млрд долларға жеткен. Экспорт 13,3 млрд доллар, ал импорт 7 млрд доллар болды. Экономиканың тұтқасы саналатын инвестиция көлемі 6,7% өскен. Алайда Батыс Қазақстан, Қарағанды мен Маңғыстау облыстарында өнеркәсіп саласының көрсеткіші төмендеген. Кен өндіру ісі де баяулаған. Мұның себебін министр Руслан Дәленов түсіндірді.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Кен өндіру өнеркәсібінде көрсеткіш баяулауы жалғасуда. Өсу үш айдағы 4,8% қарағанда 2,6% құрады. Есепті кезеңде оның көлемі 1,1% қысқарды. Ал І тоқсанда 2,7% деңгейінде өсу болған. Төмендеу сәуір айында Қашаған кен орнында мұнай өндірудің қысқаруымен байланысты болды.

Жыл басынан бері мемлекеттік бюджетке 3 трлн 993 млрд теңге түскен. Ал шығыстар 4 трлн 128 млрд теңгеге атқарылды. Премьер-Министр Асқар Мамин Үкіметке еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын одан әрі үдетуді тапсырды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету қажеттілігін тағы бір рет атап өткім келеді. Осы ретте қолда бар әлеуетті тиімді қолдану қажет. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» т.б мемлекеттік бағдарламалардың сапалы әрі толығымен орындалуын қатмамасыз ету қажет. Осы бағдарламаларды іске асырудың нәтижесінде экономиканың дамуына үлкен серпін береді.

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев инфляция белгіленген мақсатты дәліз 4-6% шегінде сақталғанын атап өтті. Сәуірдегі айлық инфляция 0,5% құрайды. Ұлттық валютамыз жыл басынан бері 1% нығайды. «7-20-25» бағдарламасы аясында 12 830 өтініш қабылданып, 88,2 млрд теңгенің 7633 өтініші мақұлданған. Отырыс соңында Асқар Мамин мемлекеттік органдарға экономиканы дамыту қарқынын жеделдету үшін барлық күш жігерді сарп етуді тапсырды.

Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Аян Сәрсенбаев