Сюжеттер

Ақтөбеде индустриялық аймақтың 85% инвесторлар игеріп жатыр

Ақтөбеде индустриялық аймақтың 85% инвесторлар игеріп жатыр

Ақтөбе индустриялық аймағында бос орын жоқ.

200 гектар жердің 170-і инвесторларға бөлініп берілді. Келер жылы бұл көрсеткіш 100% болуы тиіс. Мамандар бұл үрдісті өндірістік компанияларға қолайлы жағдайдың жасалуымен түсіндіреді. Көгілдір отын мен электр қуатының қолжетімділігімен қатар бұл жерде логистикалық мүмкіндіктер де мол.

Батыс аймақта баламасы жоқ керамика тақтайшаларын шығаратын зауыт құрылысы алдағы екі ай ішінде аяқталуы тиіс. Жаздың орта тұсынан бастап алғашқы өнімдері дайын болады. Жылына 5 млн шаршы метр тауар жасауға қауқарлы. Өндіріс орны шетелдік бұйымдармен бақталасатын болады. Сыртқы нарық та бас назарда. Себебі тауардың 80% көрші елдерде саудаланады.

Виталий Назаренко, зауыт өкілі:

- Қуаттылығы бойынша батыс аймақта бұл зауытқа тең келетін өндіріс жоқ. Сондықтан құрылысты тез арада аяқтауды көздеп отырмыз. Сапасы да жоғары. Ресей нарығында сұранысқа ие болады деп сенеміз.

Зауыттың инвестициялық құны 9 млрд 200 миллион теңгені құрайды. Өндіріс толық іске кіріскен кезде 200-ге жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылады. Қазірдің өзінде бұл жерде 300-ден астам адам еңбек етеді. Өткен жылы индустриялық аймақта 5 ірі кәсіпорын іске қосылған болатын.

Төрехан Төребекұлы, «Ақтөбе» ӘКК СКДД бас менеджері:

- 2019 жылға келер болсақ, жалпы құны 23,7 млрд теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге асырылуы жоспарлануда. Индустриялық аймақтағы жалпы 25 жобаның құны 96,6 млрд теңгені құрайтын болады.

Бұл жобаның барлығы биыл жүзеге асуы тиіс. Яғни іргетасы қаланып, жаңа өндіріс орындарының құрылысы жақын күндері басталады. Ал тағы 11 инвестициялық бастаманың қазіргі таңда қағаз бетінде есеп-қисабы жүргізілуде. Тиісті құжаттар рәсімделген соң оларға да жер телімдері бөлінеді.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Инвесторлар тарапынан Ақтөбе өңіріне қызығушылықты бірнеше фактормен түсіндіруге болады. Біріншіден, көгілдір отын мен электр энергиясы қолжетімді. Екіншіден, облыстың географиялық орналасқан жері өте тиімді. Батыс аймақтың басты қалаларының бірі үшін солтүстігіндегі Ресей Федерациясының алпауыт нарығына жол ашық. Үшіншіден, жол. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Ақтөбе индустриялық аймағы маңынан темір жолды айтпағанда Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық дәлізі өтеді. Бұл жайт жаңа құрылысқа кірісуді көздейтін кәсіпкерлер үшін өте маңызды болып есептеледі. Сәйкесінше индустриялық аймақтағы 200 гектар жердің 170-і қазіргі таңда бос емес. Бұл – 1500-ден астам жергілікті тұрғынға тұрақты жұмыс орны болады деген сөз.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков