Хабар телеарнасы

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Нұр Астана» мешітіне барды

«Адамгершілікке, мейірім мен қайырымдылыққа үндейтін қасиетті Рамазан айының аяқталуы – күллі мұсылман үмбеті үшін маңызды мереке. Ислам ілімі Отанға деген сүйіспеншілік пен ұлттық дәстүрге берік қоғамымыздың «Рухани жаңғыру» идеясына толық сай келеді. Әр шаңыраққа бақ-береке тілеймін!» – делінген Президенттің құттықтауында. Мерекеге орай Мемлекет басшысы «Нұр Астана» мешітіне арнайы барып, ел игілігі үшін дұға жасады. Сондай-ақ «Астана» медресе колледжінің шәкірттерімен кездесіп, оқу барысымен танысты. Президент медресе колледжге мемлекеттің көп көңіл бөліп отырғанын айтып, тәлімгерлердің терең білім алып шығуы ел үшін маңызды екенін тілге тиек етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздерді қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтаймын! Аспанымыз ашық, жақсылықтар мол болсын, бақ-береке тілеймін! Келесі Рамазан айына басымыз аман, бауырымыз бүтін, халқымыздың төрт құбыласы түгел жетуге нәсіп етсін! Дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!