Хабар телеарнасы

Жаңа сайланған Президентке байланысты сарапшылар пікір білдірді

«Бұл халықтың әлеуметтік саясатты арттыруға деген сұранысынан туындаған және ешқандай кейінге қалдыруды күтпейтін сала», – дейді сарапшылар.

Есенжол Алияров, Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының президенті:

- Ең соңғы әділеттік нүктесі сот болу керек дейді. Сот жүйесіне елдің наразылығы әлі көп. Сол себепті бұл өте маңызды бағыт деп ойлаймын.

Әли Дауылбек, «Абырой» Ауған соғысы ардагерлер одағының төрағасы:

- Маған Президенттің бұрын қолға алынған бағдарламаларды одан әрі жалғастырамын дегені ұнады. Әсіресе халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, тұрмыстық әл-ауқатты көтерудегі бастамаларын қолдаймын. Ең бастысы тұрақтылық пен бейбітшілік болсын. Біз өзара кикілжіңге жол бермей, бірлік пен берекені сақтауымыз қажет.

Леся Каратаева, саясаттанушы:

- Мойындау керек, бұл мәселе тек Қазақстанда ғана емес, жаһандық сипатта да бар. Сондықтан қызметіне жаңадан кіріскен Президент елімізде өмір сапасын жақсартуға жағдай жасап, халықтың табысын арттыруға күш салатынын айтты. Осы уақытқа дейін де бірқатар бағдарлама қолға алынған. Оның ішінде шағын және орта бизнестің өркендеуіне жол ашылмақ. Тағы бір маңызды мәселе – халық пен билік байланысының жаңа форматын құру. Яғни тиімді диалог болу керек. Үкімет қызметі халық үшін ашық болуы маңызды.

Әміре Әрін, ақын:

- Өңірлерді, облыс, аудандарды, ауылдарды дамыту арқылы және сол арадағы резервтерді іске қосып, еңбек етіп жатқан халықты ұмтылдыру, ынталандыру арқылы елдің жалпы қорын, ұлттық өсімді молайтуымыз керек. Осы жағы біздің көңілімізден шығады.