Хабар телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды дамытудың басты міндеттерін анықтады

Елбасы саясатымен сабақтасқан бұл жұмыстар келешекте мемлекетімізді алға жетелейді. Игі бастамадан елдің күтері көп. «Бұл міндеттерді іске асыруға еліміздің мүмкіндігі бар», – дейді қоғам өкілдері.

Он бағыттың басында тұрғаны – экономикалық өсімді қалыптастырып, халықтың табысын арттыру, жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс атқару. Президент нұсқаған бағыттардың алғашқы үштігінде сот және құқық қорғау жүйесін реформалау да бар. Өйткені қазір әділдік іздеген азаматтар фемида өкілдеріне сенімсіздік танытатыны жасырын емес.

Асхат Кеңесов, университеттің аға оқытушысы:

- «Бірінші экономика, екінші саясат» деген тезисті әлі ешкім алып тастаған жоқ. Оны Президент те өзі айтып кетті.

Құспан Біржанов, құқық қорғау саласының ардагері:

- Реформалар жасалып жатыр. Бірақ тұрақсыз реформа болып кетті. Сол жұмыстың сапасын түзеп, орын-орнына қойса, әрине жұмыс алға жүреді.

Он бағыттың жалғасында мемлекеттік бюджеттің қаражатын, ең алдымен келешегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлу қажеттігі айтылды. Сондай-ақ халықты баспанамен қамту жайы да басты назарда. Бірыңғай тұрғын үй саясаты жасақталмақ. Әділетті әлеуметтік саясат – алтыншы бағыт. Жетіншісі – өңірлерді дамыту.

Бақытқали Мұсабеков, қоғам қайраткері:

- «Үй, баспана мәселесін шешемін, жұмыссыздықпен күрес жүргіземін» дегені көңілге қонады. «30 дамыған алдыңғы қатарлы елдермен теңесеміз, бәсекеге қабілетті боламыз» деген ойлары үлкен мемлекеттік саясатты жүргізудің басы болып табылады. Осы игілікті істің барлығы өз жемісін берсе екен.

Әлімжан Бекмағамбетов, заң ғылымдарының докторы:

- Жүзеге асырылатын реформалар халықтың жағдайын жақсартатын жүйелі түрдегі шешімдер болып табылады. Ол ең бастысы бейбітшілік пен келісім және тәуелсіздікті сақтаудың арқасында жеткізіледі.

«Рухани жаңғыру» сегізінші бағыт ретінде көрсетілді. Президент сыртқы саясатқа да ерекше мән беріп отыр. Халықаралық аренада өзіміздің ұлттық мүддемізді қорғап, дамытамыз. Елбасы Жастар жылы деп жариялаған 2019 жылы «Жас кәсіпкер» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл іс жалғасып, қолдау табады. Яғни оныншы бағыт – жастар саясаты.

Валерий Вишниченко, тарих ғылымдарының кандидаты:

- Еліміздің жүйелі даму үрдісі жалғасын табатындығына қазақстандықтардың күмәні болмауға тиіс. Әрине, ол Президенттің пәрменділігіне, оның енгізіп отырған жаңа бастамаларының жүзеге асуына тығыз байланысты. Сондықтан біз оған барынша қолдау білдіруіміз қажет.

Еркебұлан Балтабеков, жас маман:

- «Жас кәсіпкер» бағдарламасы өз ісін бастаймын деген жастарға ерекше қолдау беріп, ынталандыру шараларына көптеп қатысуға мүмкіндік береді деген сенімдемін. Ең басты айтатын дүние, осы оқу жылынан бастап жоғары және орта білім орындарында кәсіпкерлік негіздері пән ретінде енгізіліп, оқытылатын болады.

Осы және азаматтарды толғандыратын барлық өзекті мәселе алдағы уақытта ашық талқыланбақ. Бұл мақсатта елімізде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылады. Оның алғашқы отырысы тамыз айына жоспарланған.

Авторы: Ердәулет Байдуллаев