Хабар телеарнасы

ҰБТ тапсыруға 96 380 түлек өтініш берген

Сынақ келесі аптаның ортасында 20 маусымда басталады. Соңғы жаңашылдықтарға сай жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ жылына 4 рет өткізіледі. Ал сонда грант алу үшін сынақты қай уақытта тапсыру керек?

Риат Шони, тілші:

- Байбаламға салынып, үрейленсеңіз сабыр сақтаңыз. ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, ҰБТ тапсыру форматы бұрынғыдай қалады. Яғни жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін сынақ жылына 4 рет қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында өткізіледі.

Ал грант алу мүмкіндігіне ие болу үшін маусым айында өтетін сынаққа қатысу керек. Осындай таңдауды мектеп бітірген түлектердің 96 380-і таңдаған. Бұл жалпы мектеп бітірушілердің 71,6% құрайды екен.

Сынақ тапсырушыларға жеңілдіктер де жасалған. Мәселен, шет тілін меңгергендігін растайтын TOEFL, IELTS халықаралық сертификаттарының шекті балы бар талапкерлер ағылшын тілінен тестілеуден босатылады.

ҰБТ тапсырудың ережесі бұрынғыдай. Талапкер үш негізгі пән Қазақстан тарихы, математика және оқу сауаттылығын тапсырады. Бұдан бөлек, екі салалық пән бар. Оны талапкер өзі таңдайды. 5 пән бойынша 120 тапсырма беріледі, одан 140 ұпай жинау мүмкіндігі бар. Жалпы елімізде ҰБТ 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді деп жоспарланған.