Хабар телеарнасы

Жастар жылына орай 700-ден астам шара өтті

Жетісу жеріндегі 17 аудан мен 3 қалада қазір Жастар ресурстық орталығының ғимараттарын салу ісі қолға алынған. Ол жас мамандарды жұмыспен қамтамасыз етіп, жастар саясатын ілгерілетуге оң ықпал ететін болады.

Талдықорғандағы Жастарға қызмет көрсету орталығы іске қосылғалы бері жастардың көптеген түйткілді мәселесі оң шешімін тауып келеді. Мұнда «Кокос» электронды базасы жұмыс істеп тұр. Ол жастардың өз мамандықтары бойынша еңбекпен қамтылуына жәрдемдеседі. Мәселен, осы базаның көмегімен жыл басынан бері 23 жас маман жұмыс тапты. Солардың бірі талдықорғандық Нұрай Нұғманова жақында «Жасыл ел» штабына қабылданды.

Нұрай Нұғыманова, Талдықорған қаласының тұрғыны:

- Жастарға қызмет көрсету орталығы өте жақсы болды. Себебі осындай армандарды асыруға көмек береді. Жастарға қол ұшын тигізеді. Ақшамен қамтамасыз етіп, көмек көрсетеді екен. Барлығы ұнады. Осындай орталықтар Қазақстанда бар екеніне мен өте қуаныштымын.

Жастар жылы аясында 10 гектардан жер алып, әр өңірдің табиғи ерекшелігіне байланысты дәнді-дақылдар егіп, ауыл шаруашылығын өркендетуге атсалысып жүрген жастар да бар. Одан түскен табысты олар өз қажеттіліктеріне жарататын болады.

Жайық Тазабекұлы, облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры:

- Айдың соңында «Бизнес 4К» форумын өткізу жоспарланып отыр. Форумның мақсаты – жас кәсіпкердің барлығын бір жерге шоғырландыру, олардың кәсіпкерлікпен айналысуына белсенділігін арттыру.

Өңірде Жетісу еріктілер клубы мен студенттік құрылыс отрядтары да құрылған. Ерікті саны 740-қа жетсе, құрылыс отрядтарында 500 студент еңбек етіп жүр. Оларға ай сайын 100 мың теңге көлемінде жалақы төленеді. Еріктілердің әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған екі отбасына үй сыйлағанын да айта кетейік. «Бұл бастаманы алдағы уақытта да жалғастырамыз», – дейді жастар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов