Хабар телеарнасы

Елбасы «Үшқоңыр» спорт кешенінің ашылу рәсіміне қатысты

«Қазіргі заманда дені сау адам ғана табысқа жетеді. Сондықтан біз бұл нысанды жастарымыз үшін арнайы салдық», – деді Тұңғыш Президент. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев өңірлерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту үшін «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Бұл – Тұңғыш Президент – Елбасының туған жерге тағзым идеясының нақты нәтижесі. Спорт кешені Үшқоңыр етегінде орын тепкендіктен, оған осы елді мекеннің атауы беріліпті. Бұл – жай ғана ғимарат емес, заманауи құралдармен жабдықталған нысан. Сырт пішінінің өзі ерекше көз тартады. Мұнда волейбол, футбол, бокс, күрес және қазақтың оң жанбасына келетін өзге де спорт түрлерімен айналысуға болады.

Бұл – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев дүниеге келген мекен. Ал бұл – Шамалған ауылының жаңа мақтанышы. Елбасының туған жерін бүгінде нағыз «Мысыр шәрі» деп атауға болады. Бұл өлкенің ең алдымен табиғаты тамаша десек, сол көркем көрініске енді осы спорт кешені қосылып отыр. Мұнда балалар мен жасөспірімдердің спортпен айналысып, шынығып, шымыр болуына бар жағдай жасалған. Демек, Тұңғыш Президент туған өлке енді болашақ Олимпиада немесе әлем чемпиондарын тәрбиелейді деген сөз.

Спорт кешенінің құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталды. Игі істі бастан-аяқ Елбасы қадағалады. Нысанның іргетасы қаланғаннан кейін Тұңғыш Президент мұнда бірнеше рет табан тіреді. Мәселен, осы жылдың сәуірінде ауылдағы ағайынмен кездесіп, спорт кешенінің құрылысын бағамдап кеткен болатын. Енді міне құрылыс аяқталып, нысан ел игілігіне берілді. «Шамалғанның жеріне жер жетпейді», – деп ақын-жазушылардың жырлауы бекер емес. Мұнда расымен де саф ауа, самал жел, жасыл желек, жанға керектің бәрі бар. Ал Үшқоңырдың қос қапталы төрт-түлікке толы. Енді сол атакәсіппен айналысатын ағайынның қуанышын Елбасының өзі еселей түсті. Кешендегі жүзу бассейні соңғы үлгіде жабдықталған. Көрермендер үшін де арнайы орын қарастырылған. Демек, байрақты бәсекелер өткізуге мүмкіндік мол.

Вероника Ермошкина, жүзуден жаттықтырушы:

- Спорт кешенінде жүзу бассейнінің салынуы біз үшін тосынсый болды. Шамалғанда мұндай нысан бұрын-соңды болмаған. Қаскелеңде бір ғана жүзу бассейні бар десек, оның өзі талапқа сай келмейді. Елбасына ризамыз. Енді спорт кешенінде 6-дан 16 жасқа дейін балалар жүзумен кәсіби түрде айналыса алады.

Қарасай ауданында таэквондо мектебі де қалыптасқан. Осы шығыс жекпе-жегімен айналысатын өрендердің қарасы қалың. Мұстафа Өзтүрік бабаларының ізімен жүру – көпшіліктің арманы. Сол бала қиялдың орындалуына енді толыққанды мүмкіндік бар. Жетісу жері Жақсылық Үшкемпіров сынды Олимпиада чемпионымен мақтанады. Оның соңынан еріп, байрақты бәсекелерде ел абыройын асқақтатқан Нұрбақыт Теңізбаев сынды белді балуандар да бар. Сол даңқты спортшылардың тағы бір легі өсіп келеді.

Қазақ бокс мектебінің жөні бір бөлек. Былғары қолғап шеберлерімізді әлем біледі. Спорт кешеніндегі бокс үйірмесі алдына үлкен мақсат қойып отыр. «Келешекте әлемдік аренада дес бермейтін спортшылар дайындаймыз», – дейді жаттықтырушылар.

Азамат Нұркеев, бокс жаттықтырушысы:

- Шамалғанның тұрғындары ғана емес, жан-жағындағы бүкіл ауылдардың бәрі Елбасына рахмет айтуда. Өйткені мынадай кешен еліміздің көптеген қаласында жоқ. Алматы облысының бокс мектебі мықты. Қазір ол жерден Жәнібек Әлімханұлы, Айдос Ербосынұлы шығып жүр.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Жетісулық және алматылық волейболшы бойжеткендердің халықаралық және республикалық жарыстарда бар таласы. Оны бұрымдылар Елбасы алдында дәлелдеп бермек. Мұнда Жетісу мен Алматы командалары арасында жолдастық кездесу өтеді.

Бұл – волейбол залы. 200-дей жанкүйерге арналған орны да бар. Мұнда жергілікті спортшылар баскетбол немесе кіші футбол ойнай алады. Спорт кешенінің аумағы атшаптырымдай жер. Мұнда жеңіл атлеттерге арналған жолақ та салынды. Ал сәл әріректе теннис ойнайтын орын бар. Бір сөзбен айтқанда, ауыл балаларын олимпиадалық спорттың бірнеше түріне баулуға болады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Өздеріңіз білесіздер, бұл – менің туған жерім. Біз бала кезімізде көшедегі топырақтың үстінде бұрқылдатып доп ойнайтынбыз. Ешқандай мүмкіндік болған жоқ. Қалай болса солай шұғылдандық. Ал мынау енді сендер үшін жасалған керемет нәрсе. Барлық облыста біздің қалталы азаматтар көмектесетін болса, елімізде жағдай болады. Осындай стадион барлық ауылға керек. Себебі біз күшті жастарды тәрбиелеуіміз қажет. Менің туысқандарым өз ақшаларын салып, осы кешенді орнатты. Сіздерге деген сыйлық. Осы кешенде шынығып, жаттығып, үлкен азамат болып шығыңдар. Барлықтарыңа денсаулық, бақыт, жарқын келешек тілеймін! Еліміз аман болсын! Мына спорт кешені құтты болсын!

Нұрсұлтан Назарбаев спортқа жанашыр жан екенін де дәлелдеді. Кәсіп жасап, бизнеспен айналысып жүргендерге енді осы іс үлгі болмақ. Оның үстіне еліміздің әр өңірінде осындай нысан салынса, құба-құп болары сөзсіз.

Нысан тек Шамалғанның емес, соған жақын жатқан елді мекен балалары үшін қызмет етпек. Демек, Үшқоңыр етегіндегі ауылдардың жағдайы бұдан да жақсара түседі.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Жандос Битабаров