Хабар телеарнасы

ҰБТ-ның бірінші күні 13 мың талапкер сынақ тапсырды

Айта кету керек, биыл осы сынақ қорытындысы бойынша мектептердің рейтингісі жасалмайды. Бұл жайында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

Риат Шони, тілші:

- Шаштарына ақ бантик байлаған қыздар, костюм шалбар киген ұлдар. Жоқ, бұл соңғы қоңырау емес. Елде ҰБТ басталды. Маусымның соңына дейін жалғасатын науқан талапкерлер үшін өте маңызды. Сынақ жылына 4 рет өтетініне қарамастан, грант нақ осы маусым айында тест тапсырып, қажетті ұпай жинағандарға үлестіріледі.

Тегін білім алуға әркімнің-ақ бар таласы. Биыл 117 242 талапкер 53 мыңдай грантқа таласады. Олардың қатарында осы жылы мектеп бітірген түлектер, білім ұясын былтыр тәмамдағандар мен колледж түлектері бар. Үлкен өмірге аяқ басып, маңызды сынақ тапсыруға келгендердің бірі – Төлеген Насиболат. «Бір жыл бойы тестілеуге дайындалдым. Енді жоғары ұпай жинау үшін барымды саламын», – дейді талапкер.

Төлеген Насиболат, талапкер:

- Өзімнің мамандығыма 80-90-нан жоғары ұпай алуым керек. Ал қалғандарына өте жоғары балл алуларын тілектеспін.

Баласы атқа шапса, анасы үйінде отырып тақымын қысады. Бірақ оқушылардың ата-аналары бауыр еті балаларының қасында. Ішке кіріп, сынақ тапсырып жатқандарға баталарын беріп жатыр.

Алдан Смайыл, жазушы:

- Екі немерем тест тапсырайын деп отыр. Барлығымыз қобалжып тұрмыз. 11 жыл бойы алған білімдері сыналатын кез келді. Өзімнің балама, осында тұрған жүздеген қазақ баласының бәріне де қадамдарың қайырлы болсын, алға қойған мақсаттарыңа жетіңдер деп батамды беріп тұрмын.

Тест сұрақтары биыл 30% жаңартылыпты. «Басымдық жаттанды емес, логикалық сауалдарға берілген», – дейді ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері. Тексеріс қатаң. Тыйым салынған шпаргалкамен өту екі талай. Тіпті білімге емес, ұялы телефонға сенгендердің сенімі су сепкендей басылып жатыр. Алғашқы лекте сынаққа білегін сыбана кіріскен талапкерлерге министр Асхат Аймағамбетов сәттілік тіледі.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Барлықтарыңызға сәттілік, сабырлық тілеймін! Биіктерден көрініп, біздің еліміздің үлкен азаматтары болады деп сенемін.

Талапкерге берілетін уақыт 3 сағат 50 минут. Осы аралықта олар 120 сұраққа жауап беріп үлгерулері тиіс. Егер қате болмаса, максималды 140 ұпайды жинауға болады.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Биылғы жылы 134 мың түлек болса, соның 115 мыңы қаңтар, наурыз айларында өздерінің бағын сынап, осы ҰБТ-ға қатысып көрді. Соның 70% шекті баллды жинады. Сондықтан ақылы негізде оқуға түсе алады. Соның себебінен шығар балалардың психологиялық тұрғыдан қарағанда қатты қысымы жоқ.

3 сағат өткеннен кейін сынақ тапсырып болған алғашқы талапкерлердің төбесі көріне бастады. Асылым Семболсынова: «Тест сұрақтары қиындау болды», – дейді.

Асылым Сепболсынова, талапкер:

- Өте қиын, қорқынышты болды. Мен қобалжығаным үшін ойлана алмай қалдым. Сосын жинақталдым, жаздым. Уақыт жетпей қалды. Сол қиын болады. Себебі парақшаны толтыру үшін бір сағат кетеді.

ҰБТ елде 30 маусымға дейін жалғасады. Мұнда 9 лекте 117 242 талапкер сынақтан өтулері тиіс. Тестілеудің нәтижесін Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жеке сәйкестендіру нөмірін теру арқылы немесе @edugovkz_bot телеграмм боты арқылы көруге болады. Ал аппеляцияға өтінішті келесі күні сағат 13:00-ге дейін беру мүмкіндігі бар.

Авторлары: Риат Шони, Серік Қоңырбаев