Хабар телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың табысын арттыру мақсатында бастама көтерді

Мемлекет басшысы «халықтың табысын арттыру қажет» деген бастама көтерді. «Ал оны тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана шешуге болады», – деді Президент.

Риат Шони, тілші:

- Иә, Мемлекет басшысы ұсынған 10 бастама бар. Ең бірінші кезекте осы қараша халықтың табысын арттыру керектігін айтты. Енді жақын арада Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған нақты міндеттер айқындалмақ. Қазір елдегі ең төменгі жалақы көлемі 42 500 теңге. Ал республика бойынша орташа табыс 140 мыңның маңайында. Бірақ не орташа емес, не төмен емес айлық алатындар да бар. Ол жасырын емес. Олардың саны 2 млн-ға жуықтайды. Осы ретте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қыруар іс атқарып, жұмысшылардың жалақысын көтеру үшін тер төкккен.

Бауыржан Бейсенбаев, ҚР ЕХӘҚМ басқарма басшысының міндетін атқарушы:

- Қазіргі таңда 200 мыңнан аса жұмыс беруші өзінің 1,1 млн жұмыскерлеріне жалақысын көтереміз деген жауапкершілік алды. Олардың жалақылары 30% дейін өседі деген болжам бар.

Тағы бір мәселе, әрине көпті толғандырған баспана жайы. Бүгінде билік алдында бірыңғай тұрғын үй саясатын жасақтау міндеті тұр. Президент: «Түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аударамын», – деді. Бұл ретте көпбалалы отбасылар жайлы айтпай кете алмаймыз. Биыл наурыз айынан бастап бизнесмендер өздерінде еңбек ететін осындай жанұяларға 385 пәтердің кілтін табыстаған. Ал жергілікті әкімдіктер 1100-ге жуық үйді жалға беріп отыр. «Игі бастама жалғасын табады», – дейді министрлік өкілдері.

Төлеген Оспанқұлов, ҚР ЕХӘҚМ комитет төрағасының орынбасары:

- Республика бойынша 1178 мекемеде 25 мыңға дейін көпбалалы отбасылар бар екені анықталды. Сол 25 мыңға жуық отбасының бүгінгі таңда 15 мыңының пәтері жоқ екен.

Министрліктің жоспары ауқымды. Жыл соңына таман жергілікті әкімдіктер 7 мың отбасына, ал жұмыс берушілер 2 мың жанұяға пәтер беруді қарастырып жатыр. Жаңа жыл қарсаңында барлығы 9 мың отбасы қоныс тойын тойлайды.

Жанар Түлендинова, саяси шолушы:

- Президент бастамасының басым көпшілігі әлеуметтік көмекке арналған. Оның ішінде негізгісі – халықты баспанамен қамту. 2025 жылға дейін 650 мың отбасы қолжетімді баспанаға ие болады.

Мемлекет басшысының «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды тұғырнамасында еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын одан әрі дамытуға бағыталған маңызды дүниелер өте көп. «Ендігі мәселе – нәтижелі жүзеге асыру», – дейді саясаттанушы Данияр Әшімбаев.

Данияр Әшімбаев, саясаттанушы:

- Мемлекет басшысы өзінің стратегиялық құжатында бақылау жүйесінің күшейтілетінін атап айтқан. Нақты шараларды іске асыру үшін ол маңызды болып табылады. Себебі кейінгі кезде тек қағаз жүзінде көрініс табатын ұрандаған жиындар көбейіп кетті. Ал енді нақты нәтиже тексерілетін болады. Сондай-ақ бірнеше кешендік шарада азаматтық қоғамның пікірі де ескерілгені дұрыс деп ойлаймын.