Хабар телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев ақпарат саласының үздіктерін марапаттады

Ақпарат саласы қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында өтетін дәстүрлі салтанатты шараны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай сөздермен бастады. Қазақстанның жаңа дәуірінде қалам ұстаған қауымға артылар міндет зор. Қашан да билік пен халықтың арасындағы көпір саналатын журналистер елдің тынысы мен биліктің саяси шешімдері туралы бүкпесіз ақпаратты әрбір қазақстандыққа қарапайым тілмен түсіндіріп беруі тиіс. Мемлекет бұрын-соңды жасалмаған әлеуметтік қамқорлық шараларын қабылдап отыр. Олар туралы халық арасында дұрыс түсінік қалыптасуында журналиске артылар жүк ауыр.

26 маусым, Ақорда. Қалыптасқан дәстүр бойынша жылда осы күні Мемлекет басшысы ақпарат саласы қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтап, үздіктерді марапаттайды. Биыл қалам ұстаған қауымның асығы алшысынан түсті деуге болады. Ақпарат саласы қызметкерлерінің күні мемлекеттік мереке ретінде бекітіліп, мәртебесі анықталды. Бұл шешімді Мемлекет басшысы: «Журналистің адал еңбегінің әділ бағасы», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Арыста болған төтенше жағдай жөнінде еліміздің түкпір-түкпірінен дер кезінде хабар тараттыңыздар. Осындай сәтте сіздер, отандық БАҚ өкілдері, бүкіл Қазақстан жұртшылығы арыстық ағайынмен бірге екенін білдіңіздер. Барлық журналиске алғыс білдіремін.

Мереке қарсаңында «Хабар» Агенттігінің қос қызметкері Президент қолынан марапат алды. «Хабар 24» арнасының тілшісі Рауан Мыңбаев қазақстандық телевизияның дамуына қосқан үлесі үшін президенттік грант иеленді. «Хабар» арнасының сараптамалық бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы Александр Трухачев Мемлекет басшысынан қызметі үшін алғысхат алды.

Рауан Мыңбаев, «Хабар 24» республикалық телеарнасының тілшісі:

- Бұл Президент гранты осы уақыт аралығында жасаған аз да болса еңбегімнің жемісі деп білемін. Бір жағынан құрмет, мәртебе болса, екінші жағынан жауапкершілік деп ойлаймын. Яғни алдағы уақытта осы елдің дамуы жолында еңбек етуге міндеттімін.

Президенттік сыйлықтарды биыл «Ана тілі» республикалық газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, Жүсіпбек Қорғасбек, Виктор Кияница және белгілі тележүргізуші Жайна Сләмбек иеленді.

Президенттік грант алғандардың арасында «Qazaqstan» телеарнасының қызметкерлері Нартай Аралбайұлы, Әсем Сартбаева бар. Сондай-ақ «Егемен Қазақстан», «Экспресс К», «Знамя труда» және «Шалқар» радиосы шығармашылық ұжымы Президенттің алғысын алды. Салтанатты шарада Президент журналистерді құттықтап қана қоймай, болашақтың журналистикасын қалай көретіні туралы ойларымен бөлісті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекеттің әлеуетін нығайту, экономиканы дамыту, азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру – бүгінде еліміздің алдында тұрған маңызды міндеттер. Отандық медиа қауымдастықтың сындарлы негізде ұйысуы, журналистердің белсенді азаматтық ұстанымы, олардың кәсіби деңгейі және әділдігі – ақпараттық кеңістіктегі табысты жұмыстың негізгі шарттары. Мемлекет өз тарапынан БАҚ-қа қолдау көрсете береді.

Салтанатты рәсімнен кейін үздіктер Президентпен естелікке суретке түсіп, бейресми жағдайда тілдесті. Марапатқа ие болған журналистер осыдан кейін де бір-бірінің қуанышын бөлісіп, әлі біраз тарқай алмай тұрды.

Авторлары: Азамат Алдоңғаров, Азамат Сәметов