Хабар телеарнасы

Қызылордалық құрылысшылар Арыстағы 254 үйді жөндеп береді

17 сектордың барлығында құрылыс жұмыстары қызған. Қаладағы көпқабатты 104 және 7200 жеке тұрғын үй қорын жаңғыртуға еліміздің барлық облыс атсалысып жатыр. Алғаш болып іске кіріскен өңірлердің қатарында көршілес Қызылорда облысы да бар.

Қамбар Бекенов, тілші:

- 6-секторға жауапты қызылордалықтар 254 жеке үйді күрделі жөндеуден өткізеді. Ал мүлдем жарамсыз бір үйді жаңадан салады.

16 көшеде орналасқан үйлерді түгел жөндеп шығатын сырбойылық 22 мердігер мекеме анықталды. Жүк көтергіш, тасымалдау техникаларымен қоса құрылыс материалдарын жеткілікті ала келген. Сонымен қатар пластик терезе жасау, ағаш жону және темір-металл дәнекерлеу құрылғыларын да алып келіп, іске кірісіп кетті. Үйлердің көбінде шатыр, есік-терезелер сынған. Жаңғырту шараларына 10 бригада жұмылдырылып отыр.

Марсбек Молдабаев, Қызылорда облыстық сәулет, құрылыс бақылау басқармасының басшысы:

- Бұл жұмысқа 3 камаз, 3 газель, 1 тиегіш қатыстырылған. Қазіргі кезде жұмыс істеп жатқан адам саны 30-ды құрайды. Осы 1-2 күнде 120 адамға дейін тартамыз деп отырмыз.

Қамбар Бекенов, тілші:

- Құрыш қолды құрылысшылар берілген аумақтағы құрылыс жұмыстарын тамызға дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Енді бірер күнде әлеуметтік нысандарды жаңғырту жобалары да қолға алынады.