Хабар телеарнасы

Тараздағы перзентханадан бала ұрланды

Аса ауыр қылмыс жасаған азаматшаны ұстауға ізкесерлер екі сағат уақыт жұмсапты. Шілденің 5-і күні тараздық перзентханалардың бірінде босанған келіншек араға 3 күн салып мекемеге қайта оралып, бөтеннің баласын ұрлап, сатып жібермек болған. Баласын кезекші медбикеге қарай тұруға тапсырып, ананың асханаға кетуін күтіп тұрған қылмыскер сәбиді қолдорбаға салып сыртқа алып шыққан. Медбике жұмыс телефонына қоңырау түсіп, «көз жазып қалдым» деп ақталады. Бала ұрлығы бейнекамераларға түсіп қалған. Дәрігерлер бірден құқық қорғау органдарына хабар береді. Оқиғадан кейін қаланың перзентханаларында бірден кіріп-шығу тәртібі күшейтілді.

Жарасқан Ақбердиев, Жамбыл облысы ІІД тергеу басқарма басшысының орынбасары:

- Сәби перзентханаға жақын орналасқан қонақүйлердің бірінен табылды. Қылмыс 2 сағатта ашылды. Бала анасына қайтарылды. Күдікті ретінде 22 жасар Жамбыл облысының тумасы ұсталды. Ұйымдасқан топ құрамында кәмелетке толмағандарды сату дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл қылмыс бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.