Хабар телеарнасы

Ұлттық тестілеу орталығында құпиялылық тәртібі сақталған

Ұлттық бірыңғай тестілеу сұрақтары қалай әзірленеді? Құпиялылық қалай сақталады? Журналистер режимдік нысан болып саналатын ғимарат ішін аралап, ҰБТ сұрақтарының қалай әзірленетінін көрді.

Ұлттық тестілеу орталығының жаңа директоры – Дидар Смағұлов. Тағайындалғанына бір ай толмаса да, жемқорлық жайлаған саланы тазартуға талпынысы зор.

Ұлттық бірыңғай тестілеудің сұрақтарын әзірлеу барысында мамандар оларды таратпау туралы жауапкершілікті мойнына алады. Бейнекамерамен кіруге тыйым салынады. Сондықтан ішіндегі көріністі көрсету мүмкін емес. Әзірленген сұрақтар 2 рет сараптамадан өтеді, содан соң арнайы серверде сақталады. Оған тек Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бір өкілі мен техникалық маманның ғана кіруіне рұқсат бар. Сосын баспаханаға жіберіледі.

Дидар Смағұлов, Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы:

- Баспаханада режим өте қатал. Анық-қанығын айтсақ, олар баспаханаға кіретін әрі шығатын кезде тіпті іш киімдерін де шешуге мәжбүр болады. Бұл – құпиялылық тәртібі. Сондықтан тестілеудің сұрағы мен жауабы жария болуы мүмкін емес. Біз ол жағынан қам жемейміз.

Жасыл қапшық, қоңыр жәшік, оның ішінде кітапша. Түлектердің тағдыры шешілетін ҰБТ күні ғана ашылатын қораптардың өз құпиясы бар.

Роллан Серіков, Ұлттық тестілеу орталығының қызметкері:

- Қорапшаның сырты да арнайы желім қағазбен бекітіледі. Егер бұл қағаз бір рет ашылған болса, онда мынадай жазу шығады, оны екінші рет қайтадан жабыстыру мүмкін емес.

Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы мемлекеттік білім гранттарын тағайындайтын құзыреттілікке ие. Бұл процесс те ақпараттық технологиялардың көмегімен жүргізіледі. Орталық директорының айтуынша, биылғы түлектердің арасында «Ақпараттық технологиялар» мамандығына талас көп. Барлығы 6391 өтініш түскен. Гранттардың әділ тағайындалатынын Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығының мамандары тексеретін болады.

Олжас Сатиев, Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығының президенті:

- Бұл жүйе осы орталықтың қызметкерлері үшін қолжетімді. Демек біздің міндетіміз – тексеріп, аудит жүргізіп, бөгде адамдардың қатыспауын, білім гранттарының әділ берілуін қадағалап отыру. Бізге жүйенің кодтары берілетін болады. Сол арқылы қандай да бір күмән тудыратын жайттарды жариялап отырамыз.

Білім гранттарына өтініш беру ертең аяқталады. Қазақстан бойынша бөлінген 54 мың білім грантының иесі 3-інші тамызда белгілі болмақ. Көпбалалы және жағдайы төмен отбасылардың балаларына 5 мың грант бөлініп отыр.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Әліби-Ерел Жүніс