Хабар телеарнасы

Ұлттық кеңес ел мүддесіне қызмет жасайды

Алматылық саясаттанушылар осындай пікірде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңес ережесін және құрамын бекіту туралы Жарлыққа қол қойды.

Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым – Ұлттық кеңеске мүше болған сарапшылардың бірі. Ол мұндай институттың уақыт талабын ескеріп, дер кезінде құрылғанын айтады. Ұлттық кеңес мемлекеттік бағдарламалар мен тұжырымдамалардың, нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сараптама жүргізеді.

Айдос Сарым, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

 - Әр қарастырып жатқан заң бойынша қажетті мамандар тартылады. Әр мәселе бойынша жұмыс топтары құрылуы ықтимал. Сол жұмыс топтары аймақтарға да шығып отыруға, аймақтарда сарапшылармен, қоғаммен кездесуге, жалпы әртүрлі форматта жиын-кездесулер өткізуге мүдделі. Осындай кездесулердің, жиындардың нәтижесінде түрлі мәселелер бойынша нақты-нақты шешімдер қабылданады.

«Келісіп пішкен тон келте болмас», – дейді халық. Ұлттық кеңес мүшелері азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып маңызды стратегиялық проблемаларды да қарайды. Саяси партиялардың, үкіметтік емес сектордың және мемлекеттік органдардың өкілдері арасында байланысты күшейтеді.

Марат Шибұтов, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

- Ұлттық кеңес Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау алдындағы уәделерінің бірі еді. Қоғамның пікірін есту өте маңызды болды. Біздің елімізге саясатта, экономикада, әлеуметтік тіпті мәдениет саласында қандай өзгерістер керек? Ұлттық кеңес осы сұраққа жауап береді деп есептеймін.

Ұлттық кеңес құрамы әртүрлі саяси, әлеуметтік топтардың өкілдері мен білікті сарапшыларды қамтиды.

Айдос Сарым, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

- Құрамына қарайтын болсақ, көптеген танымал азамат кірген. Мұның өзі де елде қарастырылып жатқан кез келген ауыр, өзекті деген мәселенің ұлттық деңгейге шығып, үлкен алаңда талқылануына жол ашады деп есептеймін.

Ұлттық кеңестің бірінші отырысы қашан өтеді? Онда қандай мәселе талқыға түседі? Бұл аздаған уақыттан соң белгілі болады.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Қанат Қаматаев