Хабар телеарнасы

Ақтөбеде зағип жандар жұмыс істейтін экодорба цехі жабылуы мүмкін

Ақтөбеде ашылған әлеуметтік кәсіпкерлік нысанның жұмысы тұралап қалды. Көру мүшесі нашар жандарды жұмыспен қамтып отырған өндірістің ендігі иек артқаны – «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы.

Экологиялық таза қаптама шығаруды зағип жандар қоғамы өткен жылы қолға алған. Цех минутына 60 дана дайын тауар шығаруға қауқарлы. Бұл Ақтөбені қоспағанда барлық батыс өңірдегі 4 облысты да қамтуға мүмкіндік береді. Бірақ әзірге өндірісте еңбек ететін мүгедек жандар жұмыссыз отыр.

Дәметкен Жолмағамбетова, «Қазақ зағип жандар қоғамының ОӨК» ЖШС директоры:

- Қазір біз қоймамызды толтырып қойдық. Шикізат та жеткілікті. Тек сұраныс жоқтың қасы. Қазақстанның барлық өңірімен байланыстамыз. Бірақ әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдап, тауар сатып алуға ниет білдірушілер жоқ.

«Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасына қатысуға мүмкіндік беретін сертификатқа әзірге Ақтөбеде тек екі кәсіпорын ғана қол жеткізген. Соның бірі – зағиптар қоғамы. Бұған қарамастан мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтып отырған тігін цехі де тұралап қалған. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы өкілдері бұл мәселемен таныс. Алайда экологиялық таза өнімдердің құны полиэтилен үлгісіне қарағанда қымбат екендігін алға тартты.

Дидар Боранқұлов, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

- Неліктен сұраныс болмай отыр? Ол сатылатын тауар құнының қымбаттауына жол ашады. Себебі жаңағы тауардың шикізат мәселесі де күрделі болуы мүмкін. Ал оның қасында полиэтилен пакеттер біршама арзан және нарыққа әлдеқайда бұрынырақ енген.

Қаржы үнемдеп, қымбат қағаздан бас тарту экологиялық ахуалдың ушығуына әкеп соғуда. Өзен-көлдердің жағасы тұрмыстық қалдықтар полигонына айналған. 1-2 сағат ішінде ақтөбелік белсенділер 2 тоннаға дейін қоқыс жинап үлгереді. Әр жексенбі тазарту жұмыстарына шығатын еріктілер: «Полиэтилен мен пластиктен арыла алмай келеміз», – дейді.

Әсел Алматқызы, еріктілер тобының мүшесі:

- Қағаздан жасалған бұйымдар кездеседі. Бірақ олар тез еріп кететіндіктен көп кездестірмейміз. Көбіне кездестіретініміз – полиэтилен пакеттер. Себебі ол жойылу үшін біршама уақытты қажет етеді.

Экологиялық әдепті балалық шақтан қалыптастыруды жергілікті кәсіпкер Алтынбек Қазантаев ұсынып отыр. Ол шаһардың бірнеше жерінде тұрмыстық қалдықтарды қабылдау орнын ашуды көздейді. Әйнек, пластик және қағазды өз алдына жинайтын болады. Әлемде әдетке айналған бұл үрдіс уақыт өте Қазақстанда да қалыптасатынына сенімді. Бүгінде елімізде қоршаған ортаны қорғаудың қауырт қолға алынғандығын ескерсек, көпшіліктің қажет етпей отырған қағаз қаптамаларына сұраныстың ұлғаяр күні де алыс еместігі айқын.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков