Сюжеттер

Ресей тауарлары 10% қымбаттайды

Ресей тауарлары 10% қымбаттайды

1 рубль – 6 теңге 100 тиын.

Осылайша еліміз бойынша Ресей валютасының рекордты көрсеткіші тіркелді. Мұндай құбылыс осыдан 20 жыл бұрын болған еді. Сарапшылардың пайымдауынша рубль бағамының өсуі кей азық-түлік пен тұрмыстық техникалардың 10% қымбаттауына алып келеді.

Ресей валютасы шарықтап тұр. Соңғы 20 жылда ресей рублі 6 теңге 10 тиынға өсті. Дәл осындай бағаны еліміздің ақша айырбастау пунктерінен байқауға болады. Бұл өзгеріс отандық кәсіпкерлерге бірінші болып сезілді. Ақтөбедегі газаблок өндіретін зауыт Ресейден шикізат тасымалдайды.

Азамат Алданазаров, сату бөлімінің директоры:

- Егер біз экспортқа тауар шығаратын болсақ, бұл бізге ыңғайлы және пайдалы болады. Ал егер сатып алу жағынан болса, бізге қиындықтар туғызады. Бүгінгі таңда біздің зауытта өндірілетін өнімнің 95% өзімізде құралады. 5% ғана Ресей мемлекетінен алып келетін алюминий пудрасы.

Өндіріс орындарының мамандары рубльдің өскенінен ұтылмайтынын айтады. Зауыт Ресейдің оңтүстік аймақтарына өз өнімдерін экспорттайды. Тұтынушылар қазақстандық өнімді жоғары бағалап отыр. Сауда-саттық рубльмен есептеледі. Ал оны Қазақстанға келіп теңгеге ауыстырса, кәсіпкер қалтасына тағы пайда түспек.

Меруерт Махмұтова, экономист:

- Қазақстандық кәсіпкерлер көбінесе отандық шикізаттарды пайдалануға тырысады. Себебі Ресейден импорттайтын болса ұтылады. Сол үшін кей керек жабдықтарды ғана алдыртады. Қазақстандық тұтынушылар үшін рубльмен сатылатын заттардың барлығы қалтаға салмақ салады.

Ал Ресейде білім алатын жастарымызға оңай болмайын деп тұр. Фатиха Ағысова көрші елде дәріс алады. Оқу ақысын енді бұрынғыдай 5-ке емес, 6-ға көбейтуге тура келеді. Бұл ата-ана қалтасына салмақ салатыны белгілі.

Фатиха Ағысова, студент:

- Маған оқу ақысын теңгемен жібереді. Оны Ресейде рубльге ауыстырғанда айырмашылығы сезіледі. Себебі ол жақта жүріп-тұруым, жатын орным мен тамағым, жол ақым барлығы Ресей валютасымен есептеледі.

Петропавл қаласының тұрғыны Ольга Гусельникованың тұңғышы Артур биыл Мәскеудегі жоғары оқу орнына құжаттарын тапсырған. Ал оқудың жылдық ақысы 1 миллион 150 мың теңге шамасын құрайды.

Ольга Гусельникова, ата-ана:

- Әрине қазіргі таңда рубль бағамы күннен-күнге өсуде. Дегенмен де барлығын алдын ала есептеп алдық. Сондықтан біз материалдық тұрғыдан дайынбыз. Қалғанын жүре келе көрерміз.

Теңгенің неліктен ресей валютасына шаққанда құлдырап жатқанын ешкім дөп басып айта алмайды. Кейбірі оны салық жүйесі десе, енді бірі нарықпен байланыстырады. Кім не десе де, жауап біреу: рубльдің қымбаттауы Қазақстандағы инфляцияға әсер етпей қоймайды.

Меруерт Махмұтова, экономист:

- Бұл өзгеріс Ресейге саяхаттауға кеткен отандастарымыз үшін қымбатқа соғады. Сондықтан оларға Қазақстанда демалуды ұсынамын. Егер едәуір қаржыны рубльге ауыстыратын болса, онда ресей валютасы нығая түседі.

Енді Ресейден тасымалданатын тауарлар 10% қымбаттайды. Атап айтқанда, азық-түлік, дәрілік препараттар, жеңіл автокөліктер мен тұрмыстық техникалар. Бірақ бұл ұзаққа созылмауы мүмкін. Отандық сарапшылар: «Тамыз айының ортасында теңге қайта нығаяды», – дейді.

Авторлары: Аслан Қаженов, Бірлік Берікұлы, Меруерт Жақыпова