07:45Эфирде:«Әндер мен жылдар» концерті
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

СҚО-да азық-түлік бағасы қымбаттап барады

СҚО-да азық-түлік бағасы қымбаттап барады

Жыл басынан бері СҚО-да картоп 29%, сәбіз 65%, пияз 90% дейін қымбаттады.

Бұлардың барлығы бірінші кезектегі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізімінде. Тіпті кейбір сауда орындарында тұрақтандыру қоры өнімдерінің құны нарықтағы бағадан біршама қымбат.

Тамара Лукина, Петропавл қаласының тұрғыны:

- Сәбіздің бағасы – 233 теңге. Қанттың да құны қымбаттап барады. Не айтуға болады? Ет өнімдері де арзан емес. Біз сияқты зейнеткерлерге қиын.

«Солтүстік» тұрақтандыру қорындағылар: «Нарықтағы бағаны реттей алмаймыз»– деп отыр. Онымен арнайы құрылған комиссия айналысады.

Ғамали Жұмашов, «Солтүстік» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- 2016 жылы облыстық бюджеттен 3 жылға 300 млн теңге бөлінді. Биыл біз қаңтарда келісімшартты тағы да ұзарттық. Бұл қаражат ылғи айналымда жүреді. Бірақ соңғы кездері шығынға бата бастадық. Себебі көкөніс пен тауарларды сақтау үшін қаржы төлейміз. Оның үстіне көп тауар бір жылға жетпей бүлініп жатады.

Бүгінде қорда 400 тоннаға жуық қана өнім қалған. Сондықтан сауда сөрелері еліміздің оңтүстігінен және шетелден келетін көкөніске самсап тұр.

Мұрат Нұрқанов, облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы:

- Қазіргі кезде пияз, сәбіз бағасы қымбаттап жатыр. Оның себебі: тұрақтандыру қорындағы сәбіздің, қырыққабаттың, пияздың қоры таусылған. Сондықтан қазіргі кезде тұрақтандыру қорында жоқ. Алдағы күзде жаңа жылға сатып алынатын болады. Бұл өнімдер қазіргі кезде оңтүстік өңірден әкелініп жатыр. Логистикасы, жолы, барлығы бар. Сондықтан баға жаңа науқан болған соң қымбат болып тұр.

Бағаның шарықтауына жол бермес үшін елімізде тұрақтандыру қорының жұмысына біраз өзгерту енгізілді. Енді өңірлердегі қорлар бөлінген қаржыны кәсіпкерлерге несиеге бере алады. Ал бұл ақшаға қажетті тауарлар сатып алынады. Алайда олардың құнын арнайы комиссия мүшелері белгілейді.

Руслан Асаубаев, арнайы мониторинг тобының мүшесі:

- Үлкен сауда орындарының, шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпкерлердің жұмысы қызған шақ. Олар бұл саланы жіті меңгерген. Сондықтан осындай механизм іске асса, баға саясаты реттеледі деп ойлаймын.

Әзірге бұл механизмнің қашан жүзеге асатыны белгісіз. Сондықтан қымбатшылық әлі де бүйірден қысатыны сөзсіз.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев