Хабар телеарнасы

Жамбыл облысында ежелгі адамның бас сүйегі табылды

Ғалымдар оны ІІ-І ғасырларға жатқызып отыр. Оның жасын және ер немесе әйел адам болғанын украиналық ғалымдар анықтамақ. Сонымен қатар мамандар жер қойнауынан құпияға толы бірнеше бөлме тапты. Қазір көне қалашықтың орнында археологиялық зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Бурно – Октябрь қалашығы араб жазбаларында ежелгі «Баркуап» қаласы деп көрсетілген. Бірақ ғалымдар бұл тек болжам ғана деп отыр. Жергілікті археологтар 2 жылдан бері тарихи орынның солтүстік-шығыс бөлігін жіті зерттеп жатыр. Жуырда 3 бөлме мен 2 дәліздің орны табылды. Оның біреуі қаз қалпында сақталған.

Ескендір Төребеков, археолог:

- Қабырғалары бүлінбеген. Тіпті бөлменің төбесі де күмбез тәрізді сақталған. Міне мынау қабырға көлденең емес, шырша сияқты қаланған. Толықтай тазарттық. Бөлме әдейі көмілген. Себебі бұл жердің көне тұрғындары нысанды жай ғана тастап кетпеген. Олар мұнда қайта келуді көздеген.

Ғалымдар: «Бұл көне қалашық Қаңлы жетекшілерінің жазғы тұрағы болған», – деп пайымдайды. Алайда оның құпиясы күні бүгінге дейін нақтыланбаған. Бурно – Октябрь қалашығын зерттеу барысында 3500-ге тарта жәдігер табылды. Арасында қыш ыдыстардың сынықтары, қол диірмен, қоладан жасалған майшамдар бар. Құнды заттар Жуалы аудандық мұражайында сақтаулы тұр.

Ал мына бейнекадрларды археологтардың өздері түсірген. Бұл – адамның бас сүйегі табылған сәт. Ғалымдар оны шамамен ІІ-І ғасырларға жатқызып отыр. Қазір бас сүйектен тіс алынып, нақты жауап алу үшін Украина мемлекетіне жіберілді.

Алған Әлиев, жұмысшы:

- 3 метрлік тереңдіктен адамның басы шықты. Басқа сүйектері жоқ. Алғашқы кезде дән үгетін тастар, құмыраның сынықтары, бүтін құмыралар да шықты. Ашылып, түгел қазылып бітсе, бүкіл Қазақстанға үлкен мақтаныш болар еді. Бұл нысаннан 2 мың жыл бұрын өмір сүріп кеткен халықтардың тұрмыс-тіршілігі туралы білуге болады.

Көне қалашықтың орны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында зерттеліп жатыр. Археологиялық қазба жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл жер ашық аспан астындағы музейге айналады. Тарихи нысан облыстық киелі орындар картасына енгізілген.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан