Хабар телеарнасы

Жаркенттегі дала өрті бойынша қылмыстық іс қозғалды

Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаменті мен «Жаркент» орман шаруашылығы» мекемесінің 100-ге жуық маманы және 20 шақты техникасы жұмылдырылды. 5 күнге созылған өрттің әрі қарай таралу қаупі жоқ.

Ғалымұрат Жүкел, облыс әкімінің баспасөз хатшысы:

- Кеше өрттің жанынан үлкен қазаншұңқыр қазылып, Өсек өзенінен су алынған болатын. Сол қазаншұңқырдың арқасында өртті ауыздықтау мүмкін болды. Бүгінгі таңда өрттің әрі қарай жайылу қаупі жоқ. Құтқарушылардың сөзінше, өрт ақырындап түнге дейін өзі сөнуі керек. Бұдан бөлек осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 292-бабы, 3-тармағы бойынша іс қозғалды.

Жаркент халқы дала өртінен қаза тапқан орманшы Еркінбек Оспановты ақтық сапарға шығарып салды. Ол тау бөктеріндегі өрттен аман шыққанымен, еріктілерді құтқару үшін қызыл жалынның ортасына қайта кіріп, өзі опат болды. Еркінбектің артында 5 баласы қалды. Кенжесі қырқынан жаңа шығыпты. «2006 жылдан бері орманшы болып қызмет еткен ол өз ортасында беделді де білікті маман болатын», – дейді әріптестері. Дала өртінің құрбаны болған үш азамат та Алматы облыстық әкімдігі тарапынан мемлекеттік наградаға ұсынылды.