Хабар телеарнасы

Елордада құрбандық шалатын арнайы орындар белгіленді

Осы күні еліміздің барлық мешіттерінде Айт намазы оқылады. Қала әкімдігі өкілдерінің айтуынша, елордада құрбандық шалатын арнайы орындар белгіленген. Шаһарда осындай 7 орын бекітілген. Әлеуметтік жағдайы төмен 2000 отбасына мал еті таратылатын болады. Әкімдік өкілдері қала бойынша мал бағасының негізсіз көтерілуіне жол берілмеуін қатаң бақылайтындарын айтады.

Әділет Төлеутаев, қалалық Қоғамдық даму істері басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы:

- Қала бойынша 7 нүктеде, яғни «Метро» сауда үйі, «Нұр-Береке» және «Жайлау» базарлары, «Шаушен», «Темеш» шаруашылығы, «Алтын Таға» және «Ұлжан» базарларында құрбандық шалу рәсімдері өтеді.

Наурызбай Өтпенов, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы:

- Акцияға байланысты мал бағасы белгілі болды. Бір ірі қара мал 315 мың теңге тұрады. Бір адамға 45 мың теңгеден шығын келеді. Бірақ оның ішіне барлығы кіреді, яғни сойып, бөліп, бәрін дайындап береді. Ет жетіге бөлінеді. Сол адамдар бәрін алып кете ме немесе қайырымдылыққа бере ме, оны әрі қарай өздері шешеді.