Хабар телеарнасы

Доллар құбылуына байланысты экономистер пікір білдірді

Әлемнің басқа валюталары да ауытқып тұр. Қытай юаньді қолдан құлдыратты. Қазір бір АҚШ доллары 6,9 юань тұрады. Әлемдік нарықта алыпқа айналған Қытай АҚШ-қа қарсы осындай амал ойлап тапқан. Бұл арадағы алыс-берістің кері ықпалы әлемдік экономикаға оң әсерін тигізбейтіні анық. Ақ үй басшысы 1 қыркүйектен қытайлық тауарға тарифті өсіретіні жайлы мәлімдеген. Сауда соғысы былай қалып, енді валюта соғысы басталғандай. Бұл өзгерістер біздің елге қаншалықты әсер етпек? Отандық сарапшылар бұл жайлы не дейді?

Бірлік Берікұлы, тілші:

- Қазір жаһан жұртын тамылжыған тамыздың ыстығымен қатар, қаржы нарығының ыстығы терлетіп отыр. Ауа райы белгілі, бір айдан соң күз келіп, салқын түседі. Ал қаржы айналымындағы ыстық басыла ма?

Қазақстан қор биржасында 1 доллар 387,46 теңге болды. Былтырғыдай бірден емес, біртіндеп құбылып келе жатқанын аңғаруға болады. Кей айырбастау орындарында 1 доллар 389,5 теңгеден сатылды. Негізі Қазақстанның қазіргі жағдайын қиын деуге келмейді. Бірақ мұнай бағасының құбылмалылығы кей көрсеткіштерге кері әсерін тигізуі мүмкін. Қазір қара алтынның бағасы барреліне 56-57 доллар төңірегінде. Мәселен, биыл мұнай бағасы 60 доллардан кем болса, экономикалық кірістер азаяды. Сәйкесінше, бюджет тапшылығы сезіледі. Онда не істемек керек?

Берік Шолпанқұлов, ҚР Қаржы министрінің бірінші орынбасары:

- Мүмкін күзде бюджетті қайта қараймыз. Қазір есептеп жатырмыз. Бүгінгі таңда есеп қалыптастырылған. Есепке алған доллардың бағасы көзделген.

Иә, Ұлттық банк есептерін шығарып болғаннан кейін доллар бағамы түспесе, күзде еліміздің басты қаржы институтының өкілдері Парламент алдына барады. Бюджетке қайта өзгертулер енгізуді ұсынады. Дегенмен қаржыгерлер: «Әлі әліптің артын баққан абзал», – дейді.

Берік Шолпанқұлов, ҚР Қаржы министрінің бірінші орынбасары:

- Бір жыл ішінде доллар бағамы көтерілуі де, түсуі де мүмкін. Біз оның орташа жылдық бағасын 370 теңгенің төңірегінде бекіттік. Сондықтан келер жылға бюджет қаражаты осы шамада реттестірілетін болады. Бірақ әлі нақты шешім шығарылған жоқ. Алдағы уақытта белгілі болады.

Ал сарапшылардың пікірінше, алдағы уақытта айтарлықтай өзгерістер болмайды. Негізі салыстырсақ, былтырдан бері теңге бағамы 12% әлсіреген. Әрине, бұлардың бәріне мұнай бағасы ғана емес, сыртқы факторлар да әсер етеді. АҚШ пен Қытай, екі алыптың текетіресі мұқым жаһан экономикасына салқынын тигізгендей.

Арман Байғанов, экономист:

- Көптеген қаржы нарығының сарапшылары Дональд Трамптың Twitter парақшасынан қорқатын болды. Ол өзге елдерге енгізген санкцияларын осы желі арқылы жариялап отырады. Мәселен, жақында Қытай тауарларына баж салығын енгізді. Негізі дүние жүзінде әлемдік экономикалық ахуал нашарлауы мүмкін деген жорамал бар. Әрине, біздің ел де осының ішінде. Біріншіден, қазір болып жатқан алып елдердің сауда соғысы ұлттық валютаның әлсіреуіне әкеліп соғады.

Әлеуметтік желіде жарияланған бір ғана мәлімдеме жаһан жұртын селт еткізбей қоймады. Осыдан кейін әлемдік қор биржаларында өзгерістер болып, мұнай бағасы төмендеді. Бұл жағдайдан кейін аспанасты елі юаньді қолдан құлдыратты. Не үшін? Ресейлік сарапшылардың пікірінше, Бейжің экспортты ұлғайтуды мықтап қолға алған. Өйткені қытайлық тауарды доллармен сатып алғанда шетелдік тұтынушы біраз ақшасын үнемдей алады. Ресейдің де валютасы біраз әлсіреді. Біздің теңгемен салыстырғанда соңғы жарты жылда тұрақсыз болған.

Айдар Құсайынов, экономист:

- Теңге соңғы жарты жылда рубльге қарағанда өз тұрақтылығын сақтап тұрды. Егер макроэкономика мен экономика көзімен қарайтын болсақ, алаңдауға еш негіз жоқ. Ұлттық банкте теңдікті ұстап тұру үшін қор жеткілікті. 5 жылда мұндай валюта операциялары болған жоқ. Сондықтан асығыс болжам жасаудың керегі жоқ.

Бұл өзгерістер ешкімге оңай соқпағаны белгілі. Мәселен, көрші Грузия төл ақшасының құлдырауына жол бермеу үшін валюталық интервенциялар жасау туралы шешім қабылдады. Грузияның ақшасы шілдеде құлдырап, тамыздың басында 1 доллар 2,97 лариге теңесті. Мұндай төменгі деңгей бұрын-соңды тіркелмеген. Ларидің арзандауына Грузия мен Ресей қарым-қатынасының нашарлауы түрткі болды.

Қазір әлемде осындай экономикалық өзгерістер болып жатыр. Баж салығына байланысты біраз елдің валютасы әлсіреді. Десе де сарапшылар: «Өзге мемлекеттермен салыстырғанда біздің елдің экономикалық ахуалы тұрақты», – дейді.