Хабар телеарнасы

Павлодар облысының тұрғындары су бағасын арзандатуды сұрайды

Беловод топтық құбыры тарататын тіршілік нәрінің текше метрі – 380 теңге. Бұл тариф тұрғындардың көңілінен шықпады. Сол себепті Ертіс ауылының 8 мың халқы бұдан бас тартып, кеңес дәуірінде салынған станцияның қызметіне жүгінген. Елдің ендігі сұрайтыны – қолжетімді су. Ауылдағы ағайын су бағасы мемлекет тарапынан субсидияланса екен дейді. Бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке: «Таза ауызсу әрбір үйде, әрбір отбасында болуы міндет», – деп тапсырған болатын.

Беловод топтық су құбыры үш жыл бұрын іске қосылды. Суды өзеннен шелектеп тасып жүрген халық бұл оқиғаны 18 жыл күтті. Алдымен Ертіс ауылындағы 2300 аулаға су құбыры тартылды.

Топтық су құбырының құрылысына мемлекет 2,7 млрд. теңге қаржы жұмсады. Бастапқыда бұл стратегиялық нысанның көмегімен Ертіс ауданының 13 елді мекенін таза сумен қамту көзделген. Десе де қазіргі таңда бұл станцияның суын небары 5 елді мекеннің халқы тұтынып ішеді. Айта кетейік, бұл нысанның тәуліктік өндірістік қуаттылығы 5400 текше метрді құрайды. Ал қазіргі таңда бұл көлемнің небары 30% өндіріледі.

Ауданның мыңдаған тұрғыны жайлылықтың игілігін бір-ақ жыл көрді. Себебі су қымбат. Бұл бағаны қалта көтермегендіктен, 60-жылдары салынған станция қайта іске қосылды. Әр аулаға жететін бір текше метрдің құны – 125 теңге.

Ертіс Сейітов, коммуналдық кәсіпорын директоры:

- Мың жарым таза су резерві бар. Сағатына 300 текше метр таза су беретін мүмкіншілігі бар. Ертіс ауылын 100% таза ауызсумен қамтып отыр.

700 тұрғыны бар Северный ауылы – топтық желіге қосылған елді мекендердің бірі. Бір ай бұрын тариф 381 теңгеден 300 теңгеге арзандапты. Судан тарыққан халық бұл бағаға да келісті.

Субсидия мәселесі шешілмейінше қалған ауылдар тіршілік нәрін өзеннен тасып іше бермек.

Мырзажан Үсенов, «ҚазСуШар» РМК Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Бүгінгі күнге дейін Қаржы министрлігі бұл мәселені республикалық бюджеттік кеңестің қарауына берген жоқ. Себептері сан алуан. Біз мемлекеттік органдарға талай рет хат жаздық. Парламентке де мәселені жеткіздік. Дегенмен мәселе ашық тұр. Күтуден басқа амал жоқ.

Жыл соңына дейін облыстағы Май ауданында тағы бір топтық су құбыры игілікке берілмек. Оған 15 ауыл қосылады. Бұл жерде де субсидиялау мәселесі туындамайтынына кім кепіл?

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий