Хабар телеарнасы

Біркөлік бөктеріндегі лагерьде демалушы балалар үйлеріне қайтарылды

Бұл туралы біздің арна тілшілеріне облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова хабарлады.

Қазір Біркөлік елді мекенінде орналасқан сауықтыру лагері өз жұмысын тоқтатып, демалушылар үйлеріне жіберілген. Осы оқиғаға байланысты Төлеби ауданы әкімінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия жұмыс істеуде. Ал жазғы лагерьдің иесі сәуір айында Түлкібас аудандық білім бөлімі өткізген мемлекеттік конкурсқа қатысып, жеңімпаз атанған. Балаларды сауықтыру үшін оған аудандық білім бөлімі 18 млн теңге бөлген. Бірақ аталмыш орталық облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің қорытындысын алмаған және облыстық Білім басқармасының лагерьлер тізіміне енбеген. Тиісті орындардың рұқсатын алмаған демалыс орнының қалайша осы уақытқа дейін балаларды тынықтырып келгені түсініксіз. Түлкібас ауданының 830, Шардара ауданының 50 оқушысы жаз бойы осында демалғаны белгілі. Айта кетейік, бұған дейін «Сұңқар» балалар лагерінде белгісіз бойжеткеннің жасөспірімдерді ұрып-соғып, балағаттап жатқаны әлеуметтік желілерде тарап кеткен болатын.

Ардақ Садықова, облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

- Әлеуметтік желілерде бұл қызды тәрбиеші, педагог деп жатыр ғой, аталған азаматша педагог емес, олардың штатында тіркелмеген болып шықты. Енді тергеу амалдары аяқталған соң белгілі болады. Орын алған жағдайға байланысты Төлеби аудандық полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тізіміне ҚР ҚК 140-бабының 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.