Сюжеттер

Nur Otan партиясының бастауыш ұйымдарына маңызды мәселелер жүктелді

Nur Otan партиясының бастауыш ұйымдарына маңызды мәселелер жүктелді

Елімізде Nur Otan партиясының 5,5 мың бастауыш ұйымы жұмыс істейді.

Олар халықпен етене араласып, қажетті белсенділік танытып отыр ма? Партияның Төрағасы Елбасы ұйымның осал тұстарына тоқталды. «Партия мүшелері шенеунік емес, халықтың адамы екенін жадынан шығармауы тиіс». Осындай ескерту алған партия өкілдері енді халықпен диалог құрудың жаңа формасын іздейтін болады.

Павлодарда екі бірдей мектеп спорттық нысансыз қалуы мүмкін. Себебі ол аумақ жекенің қолына берілген. Енді стадиондар сүріліп, орнына тұрғын үй салынбақ Тұрғындар әкімдікке шағымданғанымен, нәтиже жоқ.

Бауыржан Айтбазаров, қала тұрғыны:

- Қазір әкімдік осы жерді жалға беріп жатыр. Ал кәсіпкерлер орнына басқа ғимарат салғалы жатыр. Неге әкімшілік халықтың жағдайын ойламай, тек қана кәсіпкерлердің мүддесін ойлайды?

Әкімдіктен қайыр болмаған соң азаматтар Nur Otan партиясының орталық аппаратына арызданған. Алайда «баяғы жартас - сол жартас».

Гүлмира Сағитова, бастамашыл топ жетекшісі:

- Тұрғындарға құлақ аспайды. Nur Otan партиясындағылар проблемамызды тыңдаған да жоқ. Стадион заңды түрде №39 мектепке тиесілі. Біздің құқығымыз тапталып жатыр.

Азаматтар пәтуалы шешім күткен, алайда партия өкілдері: «Бұл – әкімдіктің пәрменіндегі мәселе», – деп жауап берген. Әрине, барлық өңірде партияның бастауыш ұйымдары селқос емес. Десе де, Елбасы партия мүшелерін жауапкершілік пен белсенділікке шақырғанда дәл осы туралы айтқаны белгілі. Партия жұмысының әлсіз тұстарын Парламент депутаттары да атап өтті.

Ирина Аронова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазіргі таңда біз өзіміздің сайлаушыларымызбен диалог құрып, оларды мазалаған сұрақтарға көңіл аударуымыз керек. Қабылданған заңдардың қайсысы тиімді, қайсысы дұрыс жұмыс істемей жатыр деген секілді маңызды мәселелерді қарастыру керек. Бір сөзбен айтқанда, жаңа бағытта жұмыс істеу қажет.

Партияның әр мүшесі қоғамның кез келген өкілімен ашық сөйлессе игі. Елбасының ескертулерін партия өкілдері мойындап, білек сыбанып, жаңаша жұмыс істеуге бекініп отыр.

Ғалиасқар Сарыбаев, Nur Otan партиясы Алматы ОФ төрағасының бірінші орынбасары:

- Партия мүшелерінің ішінде белсендісі бар және жай мүшесі бар. Сол бүкіл мүшені белсенді топқа кіргізуіміз керек. Солар арқылы халықпен тікелей жұмыс жасауымыз қажет. Біз жаңа жағдайда, жаһандану заманында, ақпараттар тез тарайтын заманда белсенді жұмысқа кірісуіміз керек.

Қазір елімізде партияның 5,5 мың бастауыш ұйымы бар. Олардың белсенділігін арттыра түсу үшін Елбасының тапсырмасымен жастар көп тартылады.

Айдос Аппазов, Nur Otan партиясының Түркістан қалалық бастауыш ұйымының төрағасы:

- Партияның беделін көтеретін де, түсіретін де сол партия мүшелері. Себебі өздері тұлға ретінде  халыққа жақындықтарын көрсетпесе, халық та қаша бастайды. Елбасы осы себептер негізінде белсенділік танытпай жатқандарды тазалауға тапсырма беріп отыр. Бұл, бір жағынан, жастарға да мүмкіндік беріп, билікке араласу, қайтадан сол халық пен билік арасында көпір орнатуға мүмкіндік береді.

Nur Otan – биліктің ғана емес, халықтың партиясы. Сыптай болып киініп, кабинетінен тапжылмай, халықты маңына жуытпайтын азамат партия мүшесі болуға лайық емес. Ең басты міндет – халықтың сенімін ақтау. Елбасының ескертулерін құп алған партия мүшелері білім-білігін сөзбен емес, іспен дәлелдеуі тиіс деген үміт басым.

Авторы: Индира Жылқайдарова