Хабар телеарнасы

Алматыда 1-6 жас аралығындағы 56 мың бала балабақша кезегінде тұр

Ішкі көші-қон процесстері мен туу көрсеткіштерінің жоғары болуы ірі мегаполиске тән құбылыс болып саналады. Десек те, мектеп жасына дейінгі балаларды біліммен қамту кезек күттірмейтін мәселе.

Бұл №125 мемлекеттік балабақша бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынып, әкімшілікке тапсырылған. 216 балаға арналған ғимаратта бүлдіршіндердің дамуына барлық жағдай жасалған.

Арайлым Қазбекқызы, №125 бөбекжай балабақшасының меңгерушісі:

- Осы жылы білім туралы заңның баптары күшіне енді. Балалар 6 жастан бастап мектепке кетті. Биыл 4 топты мектепке шығарып салдық. Балапандардың дайындығы жақсы болып шықты.

Жалпы Алматыда қазір 874 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Оның 185-і мемлекеттік, қалғаны жекеменшік бөбекжайлар. Жыл басынан бері қалада 3 мемлекеттік балабақша пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 4 жаңа ғимарат бөбектерге есігін ашады деп күтілуде. Алайда кезек сонда да сейілер емес.

Әлия Сағиева, қалалық білім басқармасы мектепке дейінгі білім беру бөлімінің басшысы:

- Жыл сайын 3-4 мемлекеттік, жекеменшік балабақша ашылып жатыр. Сонда да кезек әлі бар. 3-6 жас аралығында 20 мыңнан аса бала, ал 1-6 жас арасында 50 мыңнан аса бала кезекте тұр.

Тамыз конференциясында қала әкімі бүлдіршіндердің жасына сай дамуын қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шешу үшін алдағы 3 жылда 6,5 млрд теңге бөлінетінін мәлімдеді. Бұл қаражат жекеменшік балабақшаларда мемлекеттік тапсырыс санын көбейтуге жұмсалмақ. Алайда мемлекеттік тапсырыспен жолдама алған ата-ана ондағы үстеме төлемақыларды көріп, теріс айналатыны жасырын емес.

Әлия Сағиева, қалалық білім басқармасы мектепке дейінгі білім беру бөлімінің басшысы:

- Балабақшада қосымша білім беру қызметтерін бере алады. Бірақ мемлекетттік тапсырыспен барып отырғаннан кейін ата-ана: «Қосымша керек емес», – десе, жекеменшік балабақшалар оған міндеттеп, ақша төлетуге құқылары жоқ. Қазіргі таңда әр балаға 27 502 теңге беріледі. Ал тамақтың төлемақысын ата-ана өзі төлейді. Ол төлемақы Алматы қаласы бойынша 18 500 теңгеден аспауы керек.

«Қала әкімінің тапсырмасымен жекеменшік балабақшалардағы төлемақы мәселесіне мониторинг жасалады», – дейді мамандар. Артық ақша төлеуге ата-ананы міндеттеген мекемелер мемлекеттік тапсырыстан айырылады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев