Хабар телеарнасы

Енді елімізде инспекторлар заманауи техникамен қамтамасыз етіледі

Бұдан бөлек инспекторлар заманауи техника мен байланыс құрылғыларымен қамтамасыз етіледі. Биыл елімізде екі адам браконьерлер қолынан қаза тапты. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу әрі қылмысқа тосқауыл қою мақсатында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі.

«Охотзоопром» республикалық мекемесі қорғайтын алқаптың аумағы 123 млн гектарды құрайды. Алайда бұл ұланғайыр жердегі жануарлар мен өсімдіктерді бақылайтын инспекторлар тым аз. Мекемеге әлі 200-ге жуық қызметкер қажет. Кадр тапшылығы мен қатаң қадағалау болмағандықтан, тек өткен жылы елімізде заңсыз аңшылық жасау бойынша 154 қылмыстық іс қозғалды. Сотқа соның тек 65% қана жетіп, тиісті шешім қабылданған. «Бірақ қызыл кітапқа енген аңды аяусыз атудан аянбайтын браконьерлер сот үкімінен мүлдем қорықпайды», – дейді мекеме мамандары.

Бақтияр Рамазанов, «Охотзоопром» РҚКМ бас маманы:

- Бір рет емес, бірнеше рет түрлі жайттар болып жатыр. Себебі тек айыппұл төлеп, шартты мерзімнен кейін шығып кете береді. Егер де оларды белгілі бір мерзімге соттайтын болса, ойланатын еді.

Қазіргі басты міндет – мекеме қатарын жаңа мамандармен толықтырып, жалақыларын көтеру және заманауи техникамен қамтамасыз ету. Әсіресе байланысу мүмкіндігі 3000 шақырымға жететін радиоқұрылғылар мен тау-таста еркін жүретін көліктер керек. Ал аң емес адам атудан қорықпайтын қандықол қасапшылардан қорғану үшін енді инспекторларға да қару беріледі.

Ерзат Альзаков, «Охотзоопром» РҚКМ бас директоры:

- Біз әр инспекторды оқтан қорғайтын киімдермен қамтамасыз етеміз. Әрине олардың салмағы ауыр. Бірақ бұл ең алдымен сақтық шарасы екенін ескеру керек.

Елімізде заңсыз аң ату оқиғалары Қызылорда және Алматы облыстарында жиі болады. Браконьерлер ақбөкендер мен қарақұйрықтарды қынадай қыруға құмар. Ал сирек кездесетін жануарларға аңшылық жасау қылмыстық іс саналатындығын ескерте кетейік.

Авторлары: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев