Хабар телеарнасы

Атырауда облыстық драма театрдың ғимаратын өрт шалды

Оқиға орнында 12 арнайы техника мен 40-қа жуық маман жұмыс істеді. Төтенше оқиға бойынша арнайы комиссия құрылды. Енді оның мүшелері өрт себептері мен шығын көлемін анықтайтын болады.

Драма театрдағы өрт тал түсте басталды. Өрт сөндірушілер санаулы минуттарда-ақ келіп жеткенімен, қызыл жалынды ауыздықтау қиынға соқты.

Бекен Әлирахым, тілші:

- Театрдағы өрт мына менің артымда тұрған қосымша ғимараттан басталған. Онда актерлердің сахналық киімдері, тігін және басқа да шеберханалар мен цехтар орналасқан. Қазір өрт сөндірушілер негізгі ғимаратты сақтап қалу үшін жанын салып жатыр. Бірақ бұл әзірге мүмкін болмай тұр. Өйткені соңғы аптадан бері Атырауда 39-40 градус ыстық.

Театр ғимараты биік болғандықтан, өрт сөндірушілер қауіпті болса да сатыға шығып су шашуға мәжбүр болды. Мамандар өртті тек сағат 17:00-ден кейін ғана толық ауыздықтады. Ендігі мәселе арнайы комиссия мүшелерінің құзырында.

Әлимұхаммед Құттымұратұлы, қала әкімі:

- Қазіргі таңда шығындар анықталып ремонттық жұмыстар жүргізілетін болады. Себебі анықталғаннан кейін ғана жұмыстар басталады. Әрине, драма театрды қалпына келтіреміз.

Мамандардың алдын ала болжамы бойынша өрт электр желілері мен трансформатордан шығуы мүмкін. Жалпы ғимарат 1975 жылы салынған. Осыдан екі ай бұрын ғана күрделі жөндеуден өткізіліп, қолданысқа берілген болатын. Театр ғимаратының жалпы аумағы 1,5 мың шаршы метрді құрайды.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы, Жандос Рахметуллин