03:00Эфирде:ҚР Әнұраны
06:00 Әрі қарай: ҚР Әнұраны
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Арыстың ардақты азаматтары апат кезінде ілкімді іс тындырды

Arystagy apat Arystagy apat

Қарапайым халықтың ішінен шыққан оларды біреу білсе, біреу білмейді.

Жарылыс кезінде 113 бүлдіршінді аман алып шығып, ата-анасына табыстаған Гаухар Уәлиханованың ерлігі көпке үлгі.

Ал жарылыс аймағында өрт сөндіру көліктерін үздіксіз жанармаймен қамтамасыз етіп отырған Қазыбек пен Ғанидің ісін елемеу мүмкін емес.

Арыс қаласындағы «Алтын тұмар» балабақшасы жарылыс болған әскери қойманың дәл жанында орналасқан. Апат болған күні мұнда 113 бала таңғы асын ішіп жатыпты. «Кенет «гүрс» еткен дауыс шықты. Есік-терезенің бәрі қирап қалды. Іле-шала әскери қойма жақтан қара түтін шығып, көкке көтерілді», – дейді сол күнді еске алған балабақша меңгерушісі Гаухар Уәлиханова. Бірден шұғыл шешім қабылдап, қызметкерлеріне бүлдіршіндерді сыртқа шығаруды тапсырған. Соңында өзі ішке қайта кіріп, ғимаратта ешкімнің қалмағанына көз жеткізгеннен кейін ғана сыртқа шыққан.

Гаухар Уәлиханова, балабақша меңгерушісі:

- 17 баланы балабақша есепшісінің жеке көлігіне салып, Шымкентке шұғыл түрде жібердік. 12 баланы күзетшіміздің көлігіне салып, жөнелттік. Ал қалған балаларды осы жердегі қызметкерлермен бірлесе отырып, алып шығу біздің басты міндетіміз еді.

Гаухар Уәлиханованың жіті қимылдауының арқасында барлық бала дін аман, сол күні кешкісін ата-аналарына тапсырылды. Бүлдіршіндер түгел балабақшадан шығарылғаннан кейін ғимаратқа снаряд түскен. Нысанның бір қабырғасы бүлінген. Қазір балабақша қалпына келтірілді. Ел баласына өз баласындай қараған балабақша ұжымы:«Жаңа оқу жылына толық дайынбыз», – дейді.

Арыстағы жарылыс кезінде ерлікке пара-пар іс атқарған азаматтың бірі – Қазыбек Ақылбай. Қалалық ТКШ бөлімінде бас маман болып қызмет істейтін ол сол күні аяғы ауыр келіншегі мен қызын көршісінің үйіне отырғызып кетеді. Өзі тұрғындарды көшірумен айналысады. Арыс халықтан босаған сәтте қалаға әскери ауыр техникалар мен өрт сөндіру көліктері кіреді. Бірақ ол кезде қаладағы барлық жанармай бекеті жұмысын тоқтатқан болатын. Басшылық Қазыбек пен Ғани есімді жігітке ауыр техникаларды жанармаймен қамтуды тапсырады. Снарядтардың жарылып жатқанына қарамастан олар түннің бір уағына дейін апат аймағына жақын орналасқан май құю бекетінде жұмыс істейді.

Қазыбек Ақылбай, қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

- Осы жанар-жағармай бекетін ашуға келе жатқан кезде Ғани деген құрылыс бөлімі маманының үйі өртеніп жатыр екен. «Ғаниға үйің өртеніп жатыр, тоқтап, барып көрейік», – десем, ол: «Кейінірек көреміз енді, ана жақта халық күтіп отыр», – деп тоқтамай өтіп кетті. Жанармай бекетін аштық, түнгі 00:00-01:00-ге дейін әскери көліктерге және Арыс қаласының көліктеріне жанармай тарқатып, қызмет көрсеттік.

Бұл азаматтардың барлығы өздерін «ерлік жасадық» деп есептемейді. «Тек міндетімізді орындадық. Аманатқа адалдық – борышымыз» деп түсінеді. Қиын сәтте антына адалдық танытқан бұл азаматтар қандай марапатқа болса да лайық.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы