Хабар телеарнасы

Қазақстандық шопандар биыл қой жүнін сата алмай отыр

Жалпы елімізде қанша миллион қой қалды?

Құрылтай бір кездері қой өсіруден алда болған Мыңбаев ауылында өтті. Бүгінде елімізде Шопан ата төлінің 22 тұқымы өсіріледі екен. Шаруалар көрсін, білсін деген мақсатпен арнайы көрме ұйымдастырылды. Мамандардың айтуынша, қазіргі мал саны ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жеткілікті. Бірақ экспорттың үлесі әлі аздау.

Тынышбай Досымбеков, ҚР Қой шаруашылығы палаталар кеңесінің төрағасы:

- Қазіргі кезде қой 16 млн болатын болса, соның 9 млн-ны елдің қорасында тұр. Одан экспортқа не аласыз? Ал енді оның сыртында ірі шаруашылықтар былтыр 3100 тонна етті экспортқа шығарды. Оны 24 кг-дан бөлетін болсақ, 136 мың басты құрайды. Ал егер 20 кг-дан бөлетін болсақ, 150 мың ғана бас экспортқа шығып тұр. Ал біздің жоспарда 2022 ылға дейін 25 мың тоннаға жеткізуіміз керек. Оған жеткізу үшін 1 млн қой сату керек.

Мына шаруашылық франциялық қошқарлардың әрқайсысын мың евродан алыпты. Осылайша мал басын асылдандырмақ. «Қазақстанда қой саны 37 млн басқа дейін жеткен уақыт болды», – дейді ғалымдар. Енді сол межені қайта бағындырмасақ та, сапаны жақсарту керек. «Қолында 5 млн-нан астам қойы бар орта шаруашылықтар осыған мән берсе», – дейді мамандар.

Әбу Естаев, шаруа қожалығының бас зоотехнигі:

- Сойғанда таза ет 65% дейін береді. Негізі майы болар-болмас қана шығады. Ал жүнді жақсы береді.

Еліміздегі қойлардың тек 18% ғана биязы жүнді екен. Осы жылы содан қырыққан жүннің өзін сату қиын болып тұр. Былтыр келісі 1500 теңге болса, биыл 600 теңгенің төңірегінде екен. Министрлік өкілі оның себебін былай түсіндірді.

Еркебұлан Ахметов, Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры:

- Қазіргі уақытта Қытай нарығына уақытша шектеу болып тұр. Соған байланысты биылғы жылдың 8 айында жалпы жүнді тапсыру көлемі азайды. Қыркүйек айында арнайы делегация барады, сол жерде біз тиісті келісімді жасаймыз. Соның аясында нарық қайтадан ашылады.

Білсеңіздер киіз жанбайды, әрі экологиялық жағынан таза. Осы қасиеттерін байқаған германиялық кәсіпкерлер енді оны өндіріске енгізуді жоспарлап отырған көрінеді. Демек, бұған дейін сұраныс болмаған құйрықты қойдың қылшық жүні кәдеге жарауы мүмкін.

Қаһарман Күдер, киіз басу фабрикасының даму жөніндегі директоры:

- Польшада тексеріп көрді де: «Матасын шығарып, жүннің сапасын келтірсеңдер, онда ұшақ, поезд, автобус, көліктердің отыратын орнын жасайтын заводты Алматыда құрып, мына киізді, матаны бізге шығарып беріңдер», – деді.

Жалпы қой шаруашылығына қолдау артып келеді. Жеңілдетілген несие мен көптеген субсидия бар. Былтырдың өзінде несиеге 300 мың бас саулық берілсе, биыл 600 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. «Тек бағлан етін шетелге шығарғысы келетін шаруалар әлемдік нарықтың талаптарын игеру керек», – дейді ғалымдар.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев