Хабар телеарнасы

Әлемде бір жылда 50 мың әйел тұрмыстық әлімжеттік салдарынан көз жұмды

Бұл елдерде де өз отбасында әлімжеттік көретіндер саны азаймай тұр. Францияда әр үш күн сайын бір әйел өз күйеуінің озбырлығынан көз жұмады. Былтыр елдегі сенім телефонына зорлық көрген 45 мың әйел көмек сұрап хабарласқан. Полицияға шағым түсірушілер саны да артқан. Дегенмен зорлыққа ұшырағандардың 19% ғана сотқа жүгінеді екен. Қазақстан мен Францияның қылмыстық кодекстерінің арасында қандай ұқсастық пен айырмашылық бар?

Париждегі психолог Светлана Котинаның кеңсесіне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандар жиі келеді. Статистикаға сүйенсек, Францияда зорлау деректерінің 80 отбасылық жағдайда болады екен. Егер әйелді зорлаушы бұған дейін онымен азаматтық қатынаста тұрған болса, оның жазасы тіпті ауырлай түседі. Светлана осы қылмысқа қатысты қазақстандық заңның да қатаңдатылуын қолдайтынын айтады.

Свтелана Котина, психолог:

- Күш қолдану, зорлау – қылмыс. Ол заң бойынша жазалануы керек. Сондықтан тараптарды татуластыру, олардың келісімге келуі сынды баптарды алып тастау керек деп ойлаймын.

Егер екі мемлекеттің кодекстерін салыстыратын болсақ, айырмашылықтарды бірден байқауға болады. Мысалы, Қазақстанда зорлаушы 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылса, Францияда мұндай қылмыс жасаған тұлғаға мерзім үш есе артық кесіледі. Адам өлімімен аяқталатын жағдайға қатысты берілетін жаза мерзімі де өзгеше.

Стефан Эпине, адвокат:

- Мұндай қылмысқа қатысты заң қатаң болуы тиіс. Ол зорлау құрбаны болған адамның қылмысты жасырмауға итермелейтіндей болуы қажет. Францияда үкімнің жартысы осындай іс бойынша шығарылады. Заңды қатаңдату қоғамға әсер етеді.

Адвокат Стефан Эпине екі мемлекет арасындағы сексуалды қылмыстың жиілігін салыстырып, оның саны шамамен бірдей дегенді айтады. «Бірақ мұндай қылмысты халық санына қарай бөліп есептесек, Қазақстанда зорлау Францияға қарағанда 4 есе артық», – дейді сарапшы.

Авторлары: Алия Сыздыкова, Бекхан Тепсаев