Хабар телеарнасы

Павлодар облысында әлімжеттік көрген балалардың ісі бақылауға алынды

Ертіс өңіріндегі туысқандарының денсаулығы мен өмірлерін уайымдап, көмектесуді сұрап, Германияда тұратын Наталья Гельгорн арнамызға хат жазған. Оның айтуынша, отбасында әкелері аналарын ұрып-соғып, балаларын қорқытатын көрінеді. Жеткіншектер тоя тамақ жемейді, тіпті оқу жылы басталғалы әлі мектепке бармаған. Біздің тілшілерімізбен бірге оқиға орнына жедел топ пен ювеналды полиция өкілдері жеткен. Құқық қорғау органдарында іс тіркеліп, қазір Білім беру және Денсаулық сақтау департаменттерінің мамандары тиісті тексеру шараларын жүргізіп жатыр.

Рұстамбек Ықсан, Павлодар ауданы жергілікті полиция қызметінің бөлім бастығы:

- Гельгорнның арызы бойынша Павлодар аудандық полиция бөлімінде іс тіркелді. Істің мән-жайы көрсетілген арыздағы мәліметтер ішінара дәлелденіп отыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, егер оның қорытындысы бойынша қандай да бір деректер дәлелденсе, іс сотқа жіберіледі. Бендерге қатысты 30 тәулікке тыйым салу ұйғарымы шығарылды, балалармен психолог жұмыс істеп жатыр.

Біз редакциямызға келіп түскен әр хатты мұқият оқып, жауапты органдар мен ведомстволарға хабарласып, азаматтардың құқықтары сақталуын талап етеміз. Өз арыздарыңызды біздің арнамыздың khabar.kz сайтына қалдыра аласыздар.