Хабар телеарнасы

Ақжарқын Тұрлыбай елге қайтарылуы мүмкін

Бұл жөнінде Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов айтты. Отандасымыз қазір үкімге шағым түсіру кезеңінен өтіп жатыр. Жуырда Қытай соты үкім шығарады.

Қытай соты Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне қатысты үкімді шығарған соң, жазасын Қазақстанда өтеуіне күш салынады. Еліміздің құзырлы органдары осы тақілеттес сауал жолдамақшы. Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов бұрынғы үкімге шағым түсірілгенін айтты.

Марат Ахметжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

- Қазақстан мен Қытай арасында сотталғандарды қайтару туралы екіжақты келісім бар. Біз Қытай сотының соңғы шешімін күтеміз. Оны ақтаса жақсы болар еді.

9 қыркүйекте Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы Зухра Сейтімова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қытайға сапары қарсаңында хат жолдаған. Онда «қызыма көмектесуіңізді сұраймын, ол нигериялық қылмыстық топтың құрбаны болды» деген мәлімет бар. «Соған сүйене отырып, қызымның жазықсыз екенін айтқым келеді» делінген. Мемлекет басшысы Қытай тарапына жат елде істі болған отандасымыздың жайын айтып, жеке өтінішін жеткізді. Мәселе жан-жақты талқыланды. Сыртқы істер министрлігі арқылы бұл жұмыстар жалғасын табады және Президенттің өз бақылауында болады.

Жорабек Абдралиев, заңгер:

- Қазақстан Республикасының азаматтары қай жерде болса да құқықтық қамқорлықта. Конституцияға сәйкес олар құқықтық және материалдық көмек ала алады.

Ақжарқынның анасы Зухра Сейтімоваға хабарласқанымызда, бауыр еті баласының тағдырына бейжай қарамаған Президентке қазақстандық және қытайлық адвокаттарға әрі Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне алғыс білдірді.

Айта кетейік Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында ұсталған. Ол «шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды» деп айыпталды. 2015 жылы Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. 2016 жылы бұл үкімнің күші жойылып, іс қайта қарауға жіберілген.

Авторлары: Мақпал Мадиярова, Арман Ақшабаев