Хабар телеарнасы

Қарағандыда С.Сейфуллиннің 125 жылдығына орай ақындар айтысы өтті

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған өнер додасына 4 мемлекеттің жүйрік ақындары қатысып, қоғамдағы түйткілді мәселелерді қаузады. «Президенттің 100 күні» де ақындардың жырына арқау болды. Екі күнге созылған айтысты өткізуге Қарағанды облысының әкімдігі мен Nur Otan партиясы ұйытқы болды.

Қарағандылықтардың айтысқа шөліркеп қалғанын қалың көрерменнен байқауға болады. Залда ине шаншар орын жоқ, сыймай қалған халық айтысты сырттағы экраннан тамашалады. Өнер додасына Қырғызстан, Қытай, Моңғолия және Қазақстаннан 18 ақын қатысып, жұрттың ықыласына бөленген 7 жұп келесі кезеңге өтті.

Бүркітқазы Әділбек, ақын /Қытай Халық Республикасы/:

- Қазақтың маңдайына біткен өңшең өнердің жүйрігі, айтыстың хас дүлділдері жүр. Өз көзімізбен көрсек деген ақындарды көріп, қуанып отырған жайымыз бар. Сол кісілермен бірге өнер көрсетудің өзін бас жүлдеден қымбат бір құндылық деп есептеп отырмын. Бірақ бұйырғанын көрерміз. Барымызды саламыз.

Ақтық сында айтыс тіптен қыза түсті. От ауыз, орақ тілді ақындарымыз қоғамдағы қордаланған мәселелерді бүкпесіз айтып, халықтың көкейіндегіні дөп басуға тырысты.«Президенттің 100 күні» де ақындардың жырына арқау болды. Nur Otan партиясы төл өнеріміздің дамуына әрдайым көңіл бөліп келеді. Биылдың өзінде ел аумағында өткен 5 үлкен айтысқа қолдау көрсеткен.

Бауыржан Байбек, Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Халықтың мұңындағы сөзді сөйлеу керек. Партияның қолдауы неде? Саяси доктринамызда төл мәдениетіміз, өнеріміз, тіліміз, дініміз, руханиятымыз, барлығы сақталуы керек деп айтылған. Сондықтан халықтың рухы берік болмаса, санамыз өзгермесе, біз үлкен жетістіктерге жете алмаймыз.

Екі күнге созылған айтыста ақындар барын салды. Қазылар алқасы кеңесе келе жүлде санын көбейтіп, ешқайсысын сый-сияпатсыз қалдырмады. Ал топ арасынан суырылып шыққан Мақсат Аханов пен Жандарбек Бұлғақовтың екеуіне де бас жүлде берілді. Олардың әрқайсы 2 млн теңгеден ақшалай жүлде алды.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков