Хабар телеарнасы

Парламент спикерлері өзекті мәселелер бойынша бірлескен мәлімдеме жасады

Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің 4-кеңесінде осындай ұсыныс айтылды. Егер шешімін тапса, осы тұрғыда заңнамалық мәселе реттеледі.

Парламенттік форум әлемде осымен  төртінші рет шымылдығын түрді. Алғашқысы, Ресейде өткен, онда тек 18 ел қатысқан. Бұл жолы 60 мемлекеттен делегат келсе, оның 41-інен Парламент спикерлері келді.

Әдетте Еуразияның күн тәртібіне аса зейін қоя бермейтін батыс мемлекеттері де қызығушылық танытты. Көп елді ымыраластырып, Таяу Шығыс мәселесінде мәмілегерлік танытқан Қазақстанға сенім зорайса керек. Франция, Испания Парламентінің өкілдері де арнайы келген.

Минут сайын жаңалықтарын жаңартқан шетел журналистері форумның сәтті ұйымдастырылғанын атап өтті.

Мехрибан Касумова, журналист:

- Баспасөз орталығында жүздеген журналист отыр. Барлық жағдай жасалыпты, Әзербайжан журналистері Қазақстанның ұйымдастырушылық қабілетін жақсы біледі.

Парламенттік форум жаһан деңгейіндегі тақырыптарды көтерді. «Алпауыт елдер астаң-кестең арпалысып, саяси қайшылықтар күшейіп, саяси ахуал шиелінісіп кеткен жағдайда Парламенттер спикерлерінің біздің елде пәтуа айтқаны саяси мәртебе», – дейді сарапшылар.

Мара Губайдулина, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры:

- Еуразиялық одаққа мүше, көпвекторлы саясатты ұстанған Қазақстанды көп ел сыйлайды. Жан-жағына бажайлап қарап, Еуропа мемлекеттері де осы төңіректе қай елмен серіктестік орнату қажеттігін түсінген секілді.

Лаңкестік лаңы, киберқауіпсіздік қатері, елдердің біртұтастығына сырттан тиетін соққы секілді жаһанды меңдеген кеселден арылту үшін заңнамалық салада күш біріктірмесе күн жоқ. Биыл Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отырған Словак Республикасы Ұлттық кеңесінің төрағасы ресми сапармен келіп, жиында келелі ой айтты.

Андрей Данко, Словакия Республикасы Ұлттық кеңесінің төрағасы:

- Еуразия интеграциясы идеясы үшін Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдіремін. Біз қауіпсіздік тұрғысындағы оның бастамаларын қолдаймыз. Террорлық ұйымдардың бірыңғай тізімін құру туралы Ресейдің де ұсынысын құптаймыз. Осы ретте өзара ықпалдастық үшін сандық технологияны жылдам дамыту керек.

«Тыйым салынған террористік ұйымдардың тізімі барлық елде бірыңғай болуы үшін мәселені әр ел заңды тұрғыда реттеуі қажет» делінді парламенттік форумда.

Индира Жылқайдарова, тілші:

- «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» тақырыбының бұлай аталуы кездейсоқ емес. Еуразиялық экономикалық ұйымның Еуроодақпен, Жібек жолы экономикалық белдеуімен интеграциялық бірлесітігін құру туралы идеяны Елбасы айтқан болатын. Демек, еуразиялық кеңістікті экономикалық дамыту өзара сенімді ықпалдастықтың нәтижесінде мүмкін болмақ.

Дәл осы тақырыпқа көрші аспан асты елінің өкілі айрықша көңіл бөлді.

Ли Чжаньшу, ҚХР Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы:

- Әлемдік экономиканы дамытуда сауда-экономикалық серіктестікті жандандыра түсу – басты міндет. Қытай мемлекеті өз пайдасы үшін ешқашан ешкімнің құқығын бұзбайды. Әсіресе көршілерге деген көзқарасымыз түзу. Біз тек достық ниеттеміз. Көпжақты сауданы дамыту баршамызға тиімді.

Тек экономика ғана емес, мәдениет, білім, туризм салаларында серіктестікке қол жеткізу туралы көп ел айтты. Бастысы, баршаға ортақ көкейкесті мәселені шешуде сапалы заңнамалық жұмыс керек.

Леонид Слуцкий, РФ Федералдық жиыны Мемлекеттік Думасының халықаралық комитет төрағасы:

- Қазақстанның ауқымды шараны ұйымдастыруда тер төккені байқалып тұр. Еуропадан да делегаттар келген, форматтың тарихында мұндай болмаған. Парламентаралық серіктестіктің түбегейлі жаңа моделін енгізу мақсаты сәтті шықты.

Ласло Кевер, Венгрия Ұлттық жиынының спикері:

- Қазақстанды біз жаһандық дәрежедегі реформатор ел ретінде қабылдаймыз. Бұл ретте Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі орасан екенін барша саясаткер айтып жатыр. Қауіпсіздікті нығайтып, адамзаттың жалпы дамуына қатысты қазақ елінің ұсыныстарын әлемдік қауымдастық жоғары бағалап жүр. Біз заңнамалық салада тәжірибе алмасуға ниеттіміз.

Қаржылық дағдарыстың шеңгелінен құтылу жолдары, лаңкестердің ошағын жойып, жасыл технологиялар мен экономикалық өркендеген әлемде тұру үшін тек экономикалық емес, көп салада интеграция қажет.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Мейрамбек Ақмаханов