Сюжеттер

Ержан Максим «Junior Eurovision» халықаралық ән байқауында айтатын әніне клип түсіріп жатыр

Ержан Максим «Junior Eurovision» халықаралық ән байқауында айтатын әніне клип түсіріп жатыр

Қазақстандық тағы бір талант, «Балалар дауысы» жобасының жеңімпазы, Ержан Максим «Junior Eurovision» халықаралық ән байқауында айтатын әніне клип түсіріп жатыр.

Бейнебаян Алматы қаласының көрікті жерлері мен Абай атындағы опера және балет театрында түсірілуде.

Түсірілім алаңындағы соңғы дайындық. Ержан дауысын жиі жаттықтырса, техникалық топ залды әзірлеуде. «Junior Eurovision» байқауының шарты бойынша қатысушы еш жерде жарияланбаған 3 минуттық композицияны табиғи дауыста орындауы тиіс.

Ержан Максим, әнші:

- Ән өзіме қатты ұнады. Көрермендерге, Қазақстан халқына да ұнайды деп ойлаймын. Жақында тыңдап бағасын бересіздер. Техникалық жағынан қиындығы бар. Дауыс көтеретін жерлер де бар. Ауыр өлең деп айтуға да болады. Өзіме негізі сондай әндер ұнайды.

Клиптің авторы – украиндық режиссер Александр Фломбойм. Қоюшы-оператор – көптеген қазақстандық әншіге бейнебаян түсірген маман Станислав Ильин. Бейнебаянның мазмұны жақсылық, асқақ армандардың орындалуы жайлы.

Станислав Ильин, қоюшы-оператор:

- Бұл – Ержанның алғашқы клипі. Ол өзін түсірілім алаңында еркін ұстайды. Камерадан қорықпайды. Әннің мазмұнын ашып, тыңдарманға жеткізу үшін барымызды салудамыз.

Анасы Гүлмира үнемі Ержанның қасында. Алғаш рет «Junior Eurovision» 2003 жылы Данияның Копенгаген қаласында өткен. Ал биылғы жарысқа 19 елден жас өрен қатысады.

Гүлмира Әлібек, Ержан Максимнің анасы:

- Кеше түсірілім сағат 17:00-18:00-де басталған болатын. Ержан бүгін таңғы 06:00-07:00-ге дейін түсірілімде болды. Өте үлкен жауапкершілік. Ержан кішкентай болса да, оның бәрін түсініп, біліп жүр. Қобалжып жүр. Бар күшін салып дайындалып жатыр.

«Junior Eurovision» халықаралық балалар ән байқауы 24 қарашада Польшаның Гливице қаласында басталады. Жерлесіміз Ержан Максим қатысатын жас әншілер жарысын «Хабар» телеарнасынан көре аласыздар.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Ерлан Шалбаев