Хабар телеарнасы

ШҚО-да браконьерлерге қарсы рейд өткізілді

Сондықтан өңірде қазанның 5-і мен 31-і аралығында браконьерлерге қарсы арнайы рейд басталды. Аймақтағы бірнеше құзырлы орган бірігіп, әуеден бақылау жүргізді. Екі тәулік ішінде Марқакөл қорығында рұқсатсыз аң мен балық аулап жүрген бірнеше топ ұсталды. Олардан қару-жарақ және майқан, қарауыз, таймен сияқты бағалы балықтар тәркіленді.

Марқакөл. Суына нуы сәйкес бұл қорық жыл он екі ай мемлекеттің қорғауында. Сондықтан бейсуат адамдар тек арнайы рұқсатпен ғана аралайды. Бірақ көктем мен күзде кейбір қару мен қармаққа әуестілер осы қорықты торауылдайды. Көбісі майқан мен белдікше, яғни таймен балығын аулау үшін алыстан келеді.

Қорықтың басым бөлігі ну орман болғанымен, тікұшақтан бәрі алақандағыдай көрінеді. Заңсыз аң мен балық аулап жүргендер тікұшақтың дауысын естіген бойда тек құтылуды ойлайды. Қару жарақ, аулаған балығын тастап бой тасалауға тырысады. Ал заң бойынша қорық аумағына шатыр құрып, от жағуға мүлде болмайды.

Қорықтың келесі бір аумағында өзенге қаперсіз қармақ салып жүрген бірнеше адам ұсталды. Олардың көліктерін тінту кезінде құжатсыз және еш тіркеусіз қару тәркіленді. Полиция қзыметкерлері арнайы хаттама толтырды. Бір айға созылатын рейдтің алғашы екі күнінде-ақ заңсыз аңшылыққа қатысты бірқатар іс қозғалған.

Әсет Қизатов, табиғат қорғау полициясының аға инспекторы:

- Екі тәулік аумағында 71 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып және де 3 қылмыстық іс қозғалып отыр. Осыған сәйкес сараптамаларға жолданып, бүгінгі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Тек биыл ғана Марқакөл аумағынан бірнеше браконьерлік топ ұсталған. Олардан бір тоннаға жуық майқан, таймен, қарауыз сияқты балық пен 100 келідей уылдырық тәркіленген. Бірақ қорықты жыл он екі ай, күндіз-түні күзету мүмкін емес.

Владимир Санаров, «Қазавиа орман қорғау» РМК инспекторы:

- Тұрақты түрде үнемі бақылау орнату мүмкін емес. Біз тек осындай жоспарлы рейдтер кезінде ғана браконьерлерді әшкерелейміз. Үнемі күзетіп, бақылау үшін арнайы пост керек. Бірақ табиғи жағдайға байланысты тірек постын ашу ол өте көп шығын. Ал тікұшақпен үнемі рейд жасауға да көп қаражат керек.

Облыста 3,5 млн гектар мемлекеттік орман алқабы мен 885 өзен бар. Осыншама аумақты толық қадағалау мүмкін емес. Сондықтан табиғат қорғау мамандары тек жоспарлы рейдке шығумен ғана шектеледі.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин