Хабар телеарнасы

Жамбыл облысында 100-ден астам дәрігер жетіспейді

Бүгінгі күні өңірге 100-ден астам дәрігер қажет. Шалғай ауылдар мен елді мекендерді былай қойғанда, облыс орталығындағы негізгі емханалардың өзінде маман жетіспей жатыр. Бұл медициналық қызмет сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Кейбір ұжымдар жағдайды реттеу мақсатында зейнетке шыққан дәрігерлерді жұмысқа тартуға мәжбүр.

Нәйлә Зәуірбекованың зейнетке шыққанына 7 жыл болған. Бірақ ардагер маман күні бүгінге дейін қызмет етіп жүр. Ол – қаладағы ең ірі емханадағы жалғыз физиотерапевт. Қазір үш бірдей дәрігердің жұмысын өзі ғана істеп отыр.

Нәйлә Зәуірбекова, дәрігер:

- Енді салмақ көп. Күніне орта есеппен 32 ауру қабылдаймын. Баланы анасымен қабылдасам, 32-ге тағы 15 адам қосылады. Ол да тұмаумен ауырып тұрады. Оған да қызмет істеймін.

№2 қалалық емханада 70 мыңға жуық адам тіркелген. Тұрғындарға 90 дәрігер қызмет көрсетеді. Бұл жеткіліксіз болғандықтан, қосымша 8 зейнет жасындағы маман тартылған. Бірақ мұнымен мәселе түбегейлі шешілмей отыр. Қазір мекемеге әлі де 13 дәрігер қажет.

Жеңіс Тойшыбекова, №2 қалалық емхананың бас дәрігері:

- Әсіресе жалпы тәжірибелік практика дәрігерлері жетіспейді. Бізге 5 ВОП дәрігері келмеген. Сонымен қатар кардиолог, невропатолог, рентгенолог, лор дәрігерлері жетіспейді. Аймақтық дәрігерлер осы себептен екі еселік жұмыс жүргізуде. Мұның арты медициналық қызмет сапасының төмендеуіне алып келеді.

Кадр тапшылығын жою бағытында бірнеше механизм іске қосылған. Мәселен, биылғы жылы оқу тәмамдаған жас мамандарға міндетті үш жылдық еңбек өтеу талабы енгізілді. Сонымен қатар Enbek.kz электронды порталы арқылы емханаға 24 маман тіркелген. Оның жетеуі жұмысқа қабылданды. Бірақ мұнымен мәселе тек жартылай ғана шешілген. Енді жас мамандарды мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспанамен қамтып, өңірге тұрақтандыру көзделіп отыр.

Марат Жұманқұлов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Баспана мәселесі шешілсе, ол әрі қарай осы өңірде қалуға, жұмысын жалғастыруға мүмкіндік береді. Себебі кадр тапшылығы тікелей медицина қызметінің сапасына әсер ететіні мәлім.

Қазір аймақта кадр тапшылығы өткір сезіліп отыр. Бүгінгі күні облыс бойынша 112 дәрігер қажет.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейлхан, Руслан Ахатіллә