Хабар телеарнасы

Қанаты қырқылған аққудың Алматыдағы бассейнде жүргеніне биыл екінші жыл

Қазақстандық кәсіпкердің бірі осы кешенге қызмет көрсететін ПИК-ке қызыл тұмсықты екі қара аққуды сыйға тартқан екен. Біреуі өліп қалыпты.

Бұл жайт Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің өкілдері, зообақ мамандары мен әкімдік қызметкерлерінің тексеруінен кейін белгілі болды. Ал жалғыз қалған құстың ендігі мәселесі қалай шешіледі?

Қанаты қырқылған аққудың қарасы Алматыдағы тұрғын үй кешеніндегі бассейнде жүргеніне биыл екінші жыл. Құстың алдағы тағдырын Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті шешеді. Арнайы комиссия келіп, Аустралия мен Жаңа Зеландияны мекендейтін құстың Алматыда қайдан пайда болғанын және заңды құжаттарын тексерді.

Леонид Сидоренко, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті аймақтық инспекция өкілі:

- ПИК төрағасы бізге Өзбекстанның құзырлы мекемесінің осындай екі құсты экспортқа шығаруға рұқсат бергендігі туралы құжатты көрсетті. Қабылдау акті мен сыйға тарту жөніндегі келісімшарт та бар екен. Құстың бұл түрі жойылу алдында тұрған фауна және флора түрлерін саудалаудың халықаралық конвенциясына кірмейді.

Қанаты қиылған аққудың қарасы туралы мәлімет әлеуметтік желіде тез тарады. Бұл жайт алматылықтардың әрі таңданысын, әрі наразылығын тудырған еді. Мамандардың айтуынша, құсты еркіне жібермеу үшін мұндай әдіс жиі қолданылады екен.

Алина Чимирук, Алматы хайуанаттар бағы бас мал дәрігерінің міндетін атқарушы:

- Аққудың қанаты дұрыс кесілмегендіктен көзге қораш көрініп тұр. Зообақта мүлдем басқаша кесіледі. Бұған қоса түрі де жүдеу көрінеді. Демек, жемазығы нашар, дәрумендер мүлдем берілмеген секілді.

Құзырлы орган өкілдері жабайы құстың мәселесін әлі қарастыруда. Мамандардың айтуынша, тұрғын үй ауласын мекен еткен сұлулық символы болашақта орнитологтардың қарауына берілуі де мүмкін.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Владимир Бовкис, Ерлан Шалбаев