Хабар телеарнасы

Арыс маңындағы жарылыстан бір әскери қаза тапты

Бұл оқиға қала жанындағы полигонда болған. Оқ-дәрілердің жиналған фрагменттерін жою кезінде жарылыс болып, майор Аманжол Ақышев ауыр жарақаттан қайтыс болды. Қазір оқиғаның нақты себебі мен салдары анықталуда. Ал қаза тапқан майордың артында әйелі мен екі баласы қалды. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қара жамылған отбасының қайғысына ортақтасып, қазір Арыс қаласының тұрғындарына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқтығын мәлімдеді. Оқ-дәрілерді жою жұмыстары шаһардан 60 шақырым жердегі полигонда жүргізіліп жатыр.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Қорғаныс министрі:

- Бұл жұмыстарға 700-ге жуық білікті әскери маман тартылған. Біз ол жерге әскер қатарына енді шақырылған жас сарбаздарды жолатпаймыз. Тек қана келісімшарт бойынша қызмет ететін саперлер, инженерлер ғана жұмыс істеп жатыр. Қазір халыққа төніп тұрған еш қауіп жоқ.

Сондай-ақ Нұрлан Ермекбаев әскерде жүріп, бір көзі мен бір қолынан айырылған Сергей Кошелевтің ісі бойынша тергеу амалдары әлі жалғасып жатқанын айтты. Естеріңізге сала кетейік, 17 шілдеде Маңғыстау облысында Бейнеу полигонындағы оқу-жаттығулары кезінде граната жарылып, салдарынан №99116 әскери бөлімінде Отан алдында борышын өтеп жүрген Сергей Кошелев ауыр жарақат алған. Дәрігерлер оның оң жақ білегі мен көзін ампутациялаған. Енді әлеуметтік желіде «зардап шеккен әскери бөлім басшылығы келтірген шығын үшін 6 млн теңге көлемінде ақша талап етіп отыр» деген ақпарат тараған. «Егер тергеу амалдарының нәтижесінде Кошелевтің қауіпсіздік ережесін бұзғаны анықталса, әскери бөлім шығынды өтеуді талап ете алады», – дейді министр.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Қорғаныс министрі:

- Бұл оқиғаны арнайы құрылған ІІМ-нің тергеу тобы жүргізеді. Сол тергеу тобының жұмысы аяқталғанша, мен ешқандай пікір білдіре алмаймын. Оған құқығым жоқ. Бірақ алдын ала мәлімет бойынша түрлі себептер қаралып жатыр. Оның ішінде қауіпсіздік талаптарын бұзу да бар. Егер сол болжам дәлелденсе, онда әскери бөлімнің шығындарды немесе құқықбұзушылық жасаған адамдарды жауапкершілікке тартуға құқығы бар.