Хабар телеарнасы

Елде нан бағасы қымбаттайды

Қазір әр аймақта баға әртүрлі. Шамамен 75-78 теңгенің аралығында. «Енді ас атасының құны шамамен 80-82 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін», – дейді министр. Алдын ала болжамдар бойынша, ел диқандары биыл шамамен 19 млн тонна астық жинайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2 млн-ға аз. Басты себеп – астықты аймақтардағы қуаңшылық. Сондықтан нанның бағасы өседі деп болжануда. Алайда нан бағасының шектен тыс қымбаттауына жол бермес үшін Азық-түлік корпорациясы мен облыстық әкімдіктер тұрақтандыру қоры үшін бидай мен ұн сатып алып жатыр.

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Жыл сайын ішкі нарықта бағаны тұрақтандыру үшін ақпан мен шілде айлары аралығында Азық-түлік корпорациясы 150-250 мың тонна астық өткізеді. Мәселен, биылдың өзінде нанның қымбаттап кетуіне жол бермеу үшін 150 мың тонна сары алтын саттық.

Үкімет басшысы Асқар Мамин Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Азық-түлік корпорациясына бағаны тұрақтандыру бойынша тапсырма берді. Сондай-ақ елдегі ауа райының ерекшеліктерін ескере отырып, жиналған астықты сақтап қалу үшін барлық шараны қолға алу қажеттігін атап өтті.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты жиналған астық көлемі өткен жылмен салыстырғанда, 2 млн тонна көлемінде кем. Сондықтан бағаны тұрақтандыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрілігіне Азық-түлік корпорациясымен астықты уақытылы сатып алуды қамтамасыз етуді тапсырамын. Климаттың ерекшелігін назарға ала отырып, жиналған егінді сақтап қалу үшін барлық күш-жігерді жұмсау қажет. Сапархан Кесікбайұлы астық қабылдау кәсіпорындарын астықты сақтауға, уақытылы қабылдауына, ылғал астықты кептіріп, өңдеуіне назар аудару қажет.