Хабар телеарнасы

Сыр күрішшілері рекорд жаңартты

Ырыс тойы ат бәйгесіне ұласты. Қызылорда қаласының туған күнімен қабат келген мереке гала-концертпен қорытындыланды.

500 жүк көлігіне тиелген 1700 тонна өнім. Нарықтағы бағадан 10-15% арзан сатылды. Жәрмеңкеге облыстың барлық ауданы қатысты.

Қамбарбек Мүбәраков, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Күрішіміз бойынша 530 400 тоннадай өнім жиналды. Жалпы өнімді 60-пен аяқтадық, ал былтыр гектарына 54,7 центнерден келген. Рекордтық жағдайға жетіп жатырмыз.

Рекорд жасағандардың еселі еңбегі ескерусіз қалмайды. «Алтын дән» мерекесіне арналған салтанатты жиында аймақ басшысы ауыл шаруашылығы саласының үздіктерін марапаттады.

Қуанышбек Ысқақов, облыс әкімі:

- Аграрлық секторда өндірілген өнім көлемі 1,5 есеге өсті. Ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 46 есеге, тамақ өнімдерін өндіруге салынған инвестиция 10% ұлғайып отыр. Биыл облыс бойынша жалпы егіс көлемі 2014 жылмен салыстырғанда 25 мың гектарға артып отыр.

Бұл жолы ырыс тойы Қызылорда қаласының туған күнімен қабат келді. Ат бәйгесімен жалғасқан мереке қала күніне арналған гала-концертпен қорытындыланды. Мерекелік шарада елге еңбегі сіңген бірқатар азаматқа «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы берілді. Сондай-ақ облыс әкімі Екатеринбургте өткен Әлем чемпионатында ел мерейін үстем еткен боксшылар Қамшыбек Қоңқабаевқа 2 млн теңге, Тұрсынбай Құлахметке 1 млн теңге, еркін күрестен күміс жүлдегері Дәулет Ниязбековке 2 млн теңгенің сертификатын табыстады. Ал олардың бапкерлеріне 500 мың теңге сыйақы берілді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов, Айтмұхаммед Байділдаев