Хабар телеарнасы

Әлемнің ең мықты онкологтары елордада бас қосты

Онкологиядағы дүниежүзілік көшбасшылар саммитіне келген дәрігерлер осылай деп дабыл қақты. Өйткені елімізде обырдан жапа шеккендердің көбі – ауруын асқындырып алғандар. Бұл – уақытылы тексерістен өтпеудің кері әсері. Осылай үмітін үкілеуге қауқары қалмағандардың арқасында арадағы делдалдар «демеуші боламыз» деп, өз пайдасын күйттейтін көрінеді.

Ақтөбелік Болат Амреев – екі жыл бойы обырға дес бермей келе жатқан жандардың бірі. Бірнеше рет операция жасатып, сай-сүйегін сырқыратқан ауру аз да болса азайыпты. «Алайда алда тағы бір сын күтіп тұр», – дейді.

Болат Әмреев, қала тұрғыны:

- Жағдайым өте нашар болды. Ауырып келдім. Жүдеп, құр сүйегім қалып еді, тамақ жүрмеді. Ұйқы жоқ, маза кетті. Ал мұнда келіп, химиотерапия алдым. Операциядан кейін де алдым. Енді міне тағы да келіп тұрмын.. Кішкене жақсардым. Бұл терапиялардан кейін кішкене ісік түскен, кішірейген.

Бүгінгі таңда Болат Амреев секілді дерті діңкелеткен 180 мыңға жуық қазақстандық тіркеуде тұр. Бұл – тек биылғы жылдың дерегі. Егер жыл сайын 35 мың адамнан обыр табылса, әр 12 ай сайын 15 мың жан ажал құшады екен. Иорданиялық ілікті маман Дина Майредтің пікірінше, елімізге дамыған елдердегідей JSI аккредиттеуден өткен онкологиялық орталықтар қажет.

Дина Майред, Иордания ханшайымы, халықаралық Обырға қарсы одақ президенті:

- Менің ұлым да ақ қан дертіне шалдыққан еді. Оны шетелге емделуге жіберуге мәжбүр болдым. Аллаға сансыз мадақ, қазір ұлым 24 жаста, хәлі жақсы. Балам АҚШ, Англияда емделгеннен кейін онкологиялық қызмет көрсету қорын аштық. Осы ретте Қазақстанға да онкологияны емдеу үшін әлемдік стандарттарға жүгінген жөн деп ойлаймын.

Еліміздегі құрылысы 2018 жылы басталған онкологиялық мекеме Орталық Азиядағы ірі емделу ошағы болады деген жоспар бар. Алайда «Орталық салынып біткенше қол қусырып отырмаймыз», – дейді салалық ведомство басшысы. Өйткені алдағы 2 жылда позитрондық-эмиссиялық томография, ядролық диагностика, молекулярлық-генетикалық тестілеу сияқты бағыттарды жандандыруға күш салуымыз қажет.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- 2018 жылы алдағы 4 жылға арналған онкологиялық аурулармен күресудің кешенді жоспарын жасадық. Биыл енгізген скрининг те дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен бекітілді. Кешенді жоспар аясында әйелдер мен ерлердің денсаулығын зерттейтін кабинеттерді аштық. Бүгінде оның саны 539-дан 1284-ке көбейді.

Ал Қазақ ұлттық онкология және радиология институты директорының мәліметінше, қазір қатерлі дерттен қаражат жасайтындардың қатары көбейген. Делдалдар науқастарға хабарласып: «Емге қаражат жинап береміз», – деп алдайтын көрінеді. Осылайша жалған жарнама жасап, ізі-қайым жоғалады. «Ақырында сырқат адам ауруын асқындырып, уақытын да жоғалтады», – дейді дәрігер.

Диляра Қайдарова, Қазақ ұлттық онкология және радиология  институтының директоры:

- Біздегі басты мәселе – науқастар дерттерін жиі асқындырып алуы. Қауіпті ауруға шалдыққандардың 25% ғана рактың алғашқы сатысында дәрігерге жүгінеді. Кеселдің бастапқы кезеңінде адамды 100% емдеуге мүмкіндік бар. Мысалы өкпе қатерлі ісігіне шалдыққандардың 70%, бауыр обырымен ауырғандардың 90% ауруы өршігенде келеді.

«Сондықтан тұрғындар жылына бір рет өз еркімен медициналық тексерістен өтуі керек», – дейді маман. Оның үстіне бүгінде рак түрлеріне скрининг жасау тегін жүргізіледі. Бұл мақсатқа 4 млрд теңге қарастырылған. Ал жалпы обырмен күресуге бюджеттен 35 млрд бөлінген.

Авторлары: Лаура Қуанышқызы, Аян Сәрсенбаев