Хабар телеарнасы

Астана LRT автопарктерді субсидиялауға 47 млрд теңге сұрап отыр

Мұндай қажеттілік неден туындап отыр?

Бас шаһардағы қоғамдық көліктерге айтар сын да, тағылар мін де жетерлік. Көбіне автобустар кешігіп келеді, іші жолаушыларға лық толы болады. Бұл түйткілдің түйінін тарқату қолға алынып та жатыр. Сараланған тарифтер қосылып, көптеген автопарктер кондукторлардың қызметінен бас тартты. Нәтижесінде төлемдердің 40% көлеңкеден шығарылды. Жұмыс жақсарып, жолаушылардың қауіпсіздік деңгейі де жоғарылаған секілді. Дегенмен...

«Қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасын арттыру үшін ақша қажет», – дейді тасымалдаушы компания басшылығы. Дәлірек айтқанда, 47 млрд теңге субсидия керек. Бұл қаржы қосымша автобустар алып, маршруттардың санын арттыру үшін қажет. Оның ішінде лизингке алынған көліктердің ақшасын өтеу тағы бар. Себебі қазір компания табыс емес, шығын көріп отыр.

Бекмырза Игенбердинов, «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы:

- Біз ашықтық орнатқаннан кейін әрине, табыстан гөрі шығын артты. Қазір әлем елдері қоғамдық көліктерді субсидиялайды. Егер автобустар күні бойы жолаушыларға 70% толып жүрсе, онда бұл мәселе қозғалмас еді. Қазір өзге амал көріп тұрған жоқпыз.

Елордадағы жолаушы тасымалымен айналысатын автопарк өкілдері: «Шығын емес, табыс тапқымыз келеді», – деп базынасын айтып жатыр. Олардың ұсынысы қазіргі тарифті тағы арттырып, бір сағат ішінде бір автобустан екіншісіне тегін отыруды алып тастау қажет.

Бауыржан Тілеубергенов, №3 автобус паркінің директоры:

- Бір автобустан екіншісіне тегін отыратындар мен жол ақысын мүлдем төлемейтіндерді алар болсақ, автопарктер ай сайын 300 млн теңге жоғалтады. Қазір жүргізушілер тапшылығы да қатты сезіліп отыр.

Тасымалдаушы компания жыл соңына дейін тарифті көтеру жағын қарасытырылып жатқан жоқ. Бірақ, субсидия болмаса - жүру құны да қымбаттауы әбден мүмкін.

Авторлары: Риат Шони, Өмірбек Ізімов, Аян Сәрсенбаев