Хабар телеарнасы

Жауынгер Сергей Кошелевтің анасы Президенттен көмек сұрайды

Қазір зардап шеккен жігітке қатысты қылмыстық іс қозғалып, әскери-бөлім басшылығы келтірген шығын үшін 6 млн теңге көлемінде ақша талап етіп отыр. Тағы екі жыл шартты түрдегі жаза бар. Ал Сергей өзінің кінәлі еместігіне сенімді.

Тепсе темір үзетін жігіт қазір әскерде қызмет етуге жарамсыз. Ал Сергей Кошелев Отан алдындағы борышын өтегеннен кейін әскер қатарында ары қарай қалып, өз өмірін осы салаға арнауды бала кезден армандаған. Бала арманды шілденің 17-сі күні болған оқыс оқиға тас-талқан етті.

Жазда «Бекет-Ата» полигонында граната жарылып, қатардағы жауынгерлер Бейбарыс Жаманбаев пен Сергей Кошелев зардап шегеді. Салдарынан дәрігерлер Сергейдің бір көзі мен оң жақ қолына ампутация жасаған. Айтуынша, ол күні оқу-жаттығу жиындары жоспарланған. Яғни өмірге қауіп төндіретін ешқандай қару-жарақ, тіпті граната да болмауы тиіс еді.

Сергей Кошелев:

- Мен өзіме радиостанцияны киіп көрсетуім қажет еді. Оқу-жаттығу кезінде плакаттар ілініп, шынайы қарулардың муляждары қойылады. Шынайы қарулар болады деп ешкім ешқандай нұсқаулық берген жоқ. Ол гранатаны қадағалап отыратын адам да болған емес. Мен гранатаны қолыма алғанда командирлердің бірі де ескерту жасаған жоқ. Өйткені мен байланыстырушымын ғой.

Осыдан екі ай бұрын Сергей Кошелевке қатысты ІІМ-нің әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғаған. Бұл жайында ол бір апта бұрын ғана естіпті. Зардап шеккен әскери бөлім басшылығы келтірген шығын үшін Сергейден 6 млн 100 мың теңге көлемінде ақша талап етіп отыр. Тағы екі жыл шартты түрдегі жаза бар.

Адылбек Алдабергенов, ҚР Қарулы күштері бас штабы бастығының орынбасары:

- Ешқандай бұйрықсыз басқа оқу нүктесіне қойылған оқ-дәріге жақындап Ф-1 гранатасын өз бетінше қолына алды. Тұтандырғышын бұрап, гранатаның жарғыш мұрындығын тартып, оның тетігін іске қосты. Дыбысын естіп, «Тадиран» радиостанциясының астына салып жіберді. Сергей Кошелевпен бірге қызмет етіп жүргендердің сөздері бойынша, оған гранатаның жауынгерлік екендігі ескертілген.

Балапан Нұрмұқанова бауыр еті баласының мұндай жағдайға тап болғанына қынжылады. 7 баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген ақжаулықты ана: «Тағылған айыптар барып тұрған бассыздық, әскерге өз ұлымды мүгедек қылу үшін жіберген жоқпын», – дейді.

Балапан Нұрмұқанова, Сергей Кошелевтің анасы:

- Қара жерге басым кіргенше баламды ақтаумен өтемін. Міне, баламның өмірі осындай болды. Мүгедек болып қалды. Мен баламның жолында құрбанмын. Баламды ешкімнің қорлауына, зорлауына жол бермеймін. Өйткені мен осы балаларды 9 ай көтеріп, қаншама уақыт оқытып, жеткізіп, осындай сұмдыққа ұшырайды деп туған жоқпын.

Енді Балапан Нұрмұқанова жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан да көмек сұрап, хат жолдаған.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Ол басшылықтың өз міндеттеріне немқұрайлы қарауының құрбаны болды. Басшылық әскерде борышын өтеп жүрген әр азаматтың денсаулығы мен өміріне жауапты. Бірақ олар бұл жағдайда істің ақиқатын жасырып отыр... Мен Сізді Қазақстан Республикасының Президенті және де еліміздің Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы ретінде осы істі тергеуде көмектеседі деп үміттенемін».

Қазір Сергей Кошелев соттасуына байланысты денсаулығын түзеуден басқа адвокатқа да шығындалып отыр. Ал бұл іс бойынша жұмыс істеп жатқан Намиг Валеев қолжазу сараптамасын жүргізуге өтініш білдірген. Оның ойынша, бұл жерде бір шикілік бар.

Намиг Валеев, адвокат:

- Бұл істің құжаттарында Сергей бір нұсқаулықтан өткендігін растайтын қағаздың көшірмесі бар. Осының негізінде айып тағылып, қылмыстық іс қозғалған. Бірақ ол барлығын жоққа шығаруда. Ол жерде Сергейдің ғана емес, барлығының қолы оқиға өтіп кеткеннен кейін қойылған. Яғни Сергей үшін басқа біреу қойған. Біз бұл құжаттардың барлығына сараптама жүргізіп, жіті тексерілгенін қалаймыз.

Оқыс оқиға жайлы пікірді Қорғаныс министрлігінен 2 айдай күттік. Ресми хат полигондағы жарылыс болғаннан соң, 10 күннен кейін жіберілді. Жауап тамыздың 27-сіне дейін берілу керек еді. Алайда министрдің пікірін тек 14 қазан күні Үкімет үйінің дәлізінде ұстап алып біле алдық. Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, айыпталушының кінәлі екендігі дәлелденсе, онда әскери бөлім шығынды өтеуді талап ете алады.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Қорғаныс министрі:

- Алдын ала мәлімет бойынша түрлі себептер қаралып жатыр. Оның ішінде қауіпсіздік талаптарын бұзу бар. Егер ол болжам дәлелденсе, онда әскери бөлімнің шығындарды немесе құқық бұзушылық жасаған адамдарды жауапкершілікке тартуға құқығы бар.

Дау тудырған бұл іске енді ақырғы нүктені сот қояды. Президенттен көмек сұраған ақжаулықты ана әділ шешім шығарына үмітті.

Авторы: Риат Шони