Хабар телеарнасы

Алматыда мас жүргізушінің кесірінен екі адам қаза тапты

Мас жүргізушінің кесірінен екі адам оқиға болған жерде жан тәсілім етті. Тағы алты адам әртүрлі жарақат алды.

Көлік апаты Сейфуллин мен Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысында болған. BMW-ны тізгіндеген 20 жастағы жүргізуші бағдаршамның қызыл жанып тұрғанына қарамастан, бар екпінімен Audi көлігін соғады. Одан қалғалақтап барып тағы бірнеше машинаны қағады. Өкінішке қарай Audi көлігінде отырған 1992 және 1993 жылы туған екі жолаушы сол жерде қайтыс болды.

Салтанат Әзірбек, қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі:

- BMW автокөлігінің тізгінінде мас адам отырған екен. Арнайы сараптма көрсеткендей ол есірткі затын және ішкілікті, спирттік ішімдіктерді пайдаланған екен. Ол бірден қамауға алынып, қазіргі таңда Алматы қаласының уақытша оқшаулау абақтысында қамауда.

Ауруханаға түскен алты адамның үшеуі дәрігерлердің тексеруінен кейін амбулаториялық ем алуға үйлеріне қайтарылған. Сан сүйегінен жарақат алған бір науқас жалпы бөлімшеде. Ал көлік апатынан жапа шеккен тағы екі адам жансақтау бөлімінде жатыр.

Ермек Желдібаев, жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының бөлім меңгерушісі:

- Екеуінің де есі анық. Жағдайы ауыр, бірақ қалыпты. Шокқа қарсы ем жүргізіліп жатыр. Ол екі кісіде қосарланған жарақат. Бас миының жарақаты. Бір кісіде иығының жарақаты және сан сүйегінің фрагментарлы сынығы тіркелді. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін екі науқасқа да сүйек сынығы бойынша ота жасалынады.

Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Екі жолаушының өліміне себепші болған Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны 12 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл жігіттің қателігі өзгелерге сабақ болса игі. Әйтпесе жыл басынан бері мас күйінде көлік айдағандар 117 жазықсыз адамның өміріне балта шапқан.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Нұрдәулет Жақсыбаев